23.08.2023, 9:30
Оқылды: 51

Жер қатынасы бойынша 324 қызмет көрсетілген

Бөрлі аудандық жер қатынастары саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің стандарттарына сәйкес биылғы жылдың тамыз айына дейін 324 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Одан бөлек жеке және заңды тұлғалардың 57 өтініші қаралған. Жалпы жер қатынастары бөлімі ҚР Жер заңнамасына сәйкес аудан тұрғындарына бірнеше қызмет көрсетеді. Бұл туралы толығырақ аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтай Алиев баспасөз жиынында айтып берді.

InShot_20230823_082309588

– Жалпы жеке және заңды тұлғаларға жер учаскесін беру тәртібі ҚР Жер кодексінің 43, 44 және 44-1 баптарында көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидасында» жер учаскесін рәсімдеу тәртібі нақтыланып, ашып көрсетілген. Аталған қағидаға сәйкес аудандық жер қатынастары бөлімі бірнеше мемлекеттік қызметті көрсетеді. Мәселен жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жөніндегі жобаларды бекіту қызметі электронды үкімет порталында төрт жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Ал жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру электронды түрде 13 жұмыс күнінде қаралады, – дейді бөлім басшысы Алтай Жеңісұлы.

Сонымен қатар іздестіру үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат алуды бөлім 10 жұмыс күнінде зерделейді.

Ал ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге түпкілікті ауыстыру туралы шешім 30 жұмыс күнінде қаралады. Сауда-саттықты талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу 12 күнді талап етсе, жер учаскесінің бөлінетін-бөлінбейтінін айқындау үшін 15 күнтізбелік күн керек екен. Сондай-ақ бүлінген жерді қалпына келтіру жобасына келісім алу және жер учаскесін жеке меншікке сату үшін бес жұмыс күні қажет етіледі.

Негізінен жер қатынастары бөлімі тарапынан биыл тамызға дейін 324 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жеке тұлғалардан бөлімге 35, заңды тұлғалардан 22 өтініш келіп түскен. Жер комиссиясының 31 отырысы өтіп, онда 350 құжат қаралған. Ал жер учаскелерін беру жөнінде аудан әкімдігінің 73 қаулы жобасы дайындалып, жерді жалға беру туралы 236 шарт дайындалған.

Аудандық жер қатынастары бөлімі жер заңнамасына сәйкес мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін алу үшін сауда-саттық та ұйымдастырады.

– Мемлекет меншігіндегі жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы шаруа қожалықтарын жүргізу үшін шаруашылықтарға конкурс өткізіледі. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге төрт конкурс өткізіліп, аумағы 8243 гектарды құрайтын 25 жер учаскесіне жалдау құқығы берілді. Ал биыл жалпы көлемі 7490 гектар болатын 16 жер учаскесіне үш конкурс өткізілді. Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі жерді кәсіпкерлік және өндірістік мақсатта құрылыс салу үшін өткен жылы жеті аукцион өткізіліп, жалпы көлемі 32,65 гектар болатын 21 учаске жалға берілді. Жалдау құқығын сатып алу бағасы 46 263 673 теңгені құрайды. Ал биыл алты айда аукцион тоғыз рет өткізіліп, тоғыз учаске берілді. Нәтижесінде 5,4929 гектар жерге жалдау құқығын сатып алу бағасы 9 046 560 теңгені құрады, – дейді бөлім басшысы.

Брифинг барысында бөлім басшысы аудандағы ауылшаруашылық жерлері туралы да айтып өтті.

Оның сөзінше, жалпы аумағы 556,6 мың гектарды құрайтын Бөрлі ауданында 285029 гектар жер ауыл шаруашылық субъектілерінің иелегінде екен. Оның 67 мың гектары егістік, 39 гектары көпжылдық екпелер, 78 мың гектары тыңайған жерлер және 13 мың гектары шабындықтар екен. Сондай-ақ ауданда жалпы көлемі 123,6 мың гектар жайылымдық жер бар.

Бөлім тарапынан нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбай отырған жер иелеріне түсіндірме жұмыстары бірнеше рет жүргізілген. Сонымен қатар жыл басынан бері ауданның жер қорына 5407 гектарды құрайтын 11 жер учаскесі қайтарылған. Одан бөлек пайдаланылмай тұрған 12 жер учаскесін тексеру үшін облыстық басқармаға өтініш жіберілген.

А.Нұр,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале