Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті.
Биыл республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта өтті. Онда 20 аймақтың барлығы тақырыптық бағыттарға бөлінді. Бірінші күні 12 мыңнан астам педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім беру және психология саласындағы мамандар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің, балалардың құқықтарын қорғаудың және білім беру сапасын қамтамасыз етудің ең өзекті мәселелерін талқылады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.
«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленіп жатыр. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30%-ға өседі.
Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі.
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, Өңірлерде білім беруді дамытудың жол карталарын жасақтады. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыттары, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлем әдебиетінің үздік туындыларымен толықтыру жоспарланып отыр.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді және дабыл түймелерімен жабдықталды. Сондай-ақ тағы бір маңызды шаралардың бірі – жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қолға алынды.
Колледждерге шефтік қамқорлықты жүзеге асыру туралы 500 кәсіпорынмен келісімдер жасалды. Сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысы 1 қыркүйектен бастап 50%-ға, келесі жылы 100%-ға дейін жеткізіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер Тамара Дүйсенова:
«Әкімдер мен облыстық білім басқармалары мектептерді жаңа оқу жылына дайындығын аяқтап, Ұлттық үйлестірушімен келісімдер жасап, білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізуді ұйымдастыруы қажет», — деп түйіндеді сөзін Т. Дүйсенова.
Сонымен қатар оқу жылының ұзақтығына қатысты вице-премьер 36 апталық оқуға көшуге жан-жақты дайындық жүргізуді, ал жаңа 2023-2024 оқу жылын 25 мамырда аяқтауды тапсырды.
primeminister.kz