26.08.2023, 16:38
Оқылды: 45

Көшелер самаладай жарқырай түспек

Аудан әкімі Марат Тоқжанов аудан орталығы Переметный ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, округ әкімі Алексей Герасимов халық алдында есеп берді.

IMG_20230826_112549_555

А.Герасимовтың баяндауынша, аудан орталығында абаттандыру ісі жүйелі жалғасуда. Ауылдағы көң-қоқыс полигоны тазартылып, алдағы күндері жарықтандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында бағаналар дайындалды. Жыл басынан бері округ бойынша қосымша 8 көше жарықтандырылып, 83 шам орнатылды. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстарды 100%-ға жеткізу көзделген. Әрі Қаражар, Болашақ ауылдарын да қосымша жарықтандыру жоспарланған. Шығарылатын қоқысты бақылау мен орналастыру және рұқсат етілмеген өрттердің алдын алу үшін вагондар сатып алынуда. Ірі жобаларға келсек, Болашақ ауылының 4,9 шақырым кірме жолына «Теплоэнергострой» ЖШС-і күрделі жөндеу жүргізуде. «Асыл ЖАС» ЖШС Переметное ауылындағы Деркөл өзені арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын бастады.

IMG_20230826_112614_628

Осының алдындағы есеп беру жиындарында көтерген сауалдардың шешілу барысы да айтылды. Ауылішілік тазалық мәселесіне қатысты Переметный, Калинин ауылдарының көшелеріне қазіргі заман талабына сай тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 50 қоқыс жәшігі қойылмақ. Аудандық ТҮКШжАЖ бөлімі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын арнайы техникалар алуда.Көлік жүргізушісі бар. Қыркүйек айынан бастап қоқыс шығару жұмыстары жүйеленеді деп күтілуде. Айту керек, өздеріне қарасты аймақтан көң-қоқысты дер кезінде шығармаған Переметный мен Калинин ауылының 46 азаматы жауапқа тартылды.  Жыл басынан бері 169 иесіз итауланған, жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ округ әкімі тұрғындарға қыркүйек айынан бастап үй жануарларын міндетті түрде чиптеу туралы заңның күшіне енетінін ескертті. Өйткені көпшіліктің ит, мысық секілді үй жануарларына деген жауапкершілігі бен қарым-қатынас мәдениеті төмен деңгейде екені шындық. Ал қараусыз жүрген малдарға байланысты 2 қамау тұрағы ұйымдастырылып, жыл басынан бері 13 хаттама толтырылды.
IMG_20230826_112603_610

Тұрғындар Халел Қауқанов пен Нұрболат Қожекенов тарапынан көтерілген мәселе ауыр жүк көліктерінің ауыл ішінде жүруі, соның ішіндеМ.Әуезов көшесіндегі жолды бүлдіруіне шара қабылдау, «Жүк көліктері қозғалысына тыйым салынады» белгісін орнату мен Калинин ауылына қатқыл табанды жол төсеу сауалдары көтерілді.Алғашқы мәселе бойынша аудан басшысыМ.Әуезов көшесіне арнайы барып, мән-жайды көзбен көріп, аталған түйткілдің шешілуіне ықпалдасатынын айтты. Ал аудандық ТҮКШжАЖ бөлімі басшысы Асылан Даубаев Калинин ауылы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың дайын екенін жеткізді. Жоба құны – 1,4 млрд теңге. Жөнделетін жолдың ұзындығы 9 шақырым. Келесі жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, жұмыс басталмақшы.

Округ әкімі биыл жүзеге асатын жоспарлы жобаларды баяндады. Олардың тізімінде Набережная, Деркульная және Шевцов көшелерінежаяу жүргіншілер жолын төсеу, Алматинская, Гагарин көшелеріне арық тарту, Болашақ ауылындағы жасанды тоғанды ​​қалпына келтіру, Болашақ пен Қаражарда балалар ойын алаңдарын және спорт нысандарын салу бар.

Жиын соңында сөз алған ауыл тұрғыны Арман Айтпаев жарықтандыру және өзге де жұмыстарға көңілі толатынын айтып, округ басшылығына алғысын білдірді.

Гүлжаз Қалесқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале