28.08.2023, 10:45
Оқылды: 51

Жәнібек ауданы: жол азабы бітер күн алыс емес

Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов пен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов республикалық маңызы бар жол құрылысына барды.

жп жол (2)

Олар жол құрылысының қарқынды жүріп жатқанына куә болды. Қалаға ағылған жолаушылар да байқаса керек, облыс әкімі бақылауда ұстаған маңызды жобаның мәреге жетуі жақын. Жәнібек-Бөкей ордасы ауданы ортасында күрделі жөндеуден өтіп жатқан жолдың негізгі қабатын төсеу аяқталып, тағатсыздана әрі аса қажеттілікпен күткен ағайынның қуанышына орай жол азабы бітер күн де алыс емес. «Uniserv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 53-95 шақырым жол жабынының аудан шекарасына дейін аралықта төменгі қабатын төседі. Осы сәтте көпір салуға кірісіп, Күйгенкөл ауылынан шекараға қарай қажетті жұмыс жасалып жатыр. Су өткізу құбырларын салуға белді бекем буып, еңбек етіп жатқан жұмысшылардың әрекеті аудан тұрғындарын қуантатыны белгілі. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, осы құрылыс аяқталғанға дейінгі уақыт арасында шекараға дейін асфальт ел игіліне жол тартады. Бұл жайында аталған компанияның сыртқы қарыздар департаментінің директоры Марат Махамбетов:

- Бірінші және екінші телімнің жұмысын алған «Uniserv» ЖШС төменгі қабатпен жолдың бірінші телімін ашты. Барлық күшті екінші телімге салудамыз. Сол үшінде екі компанияға бөлдік. Он бес шақырым  «Теміржол жөндеуге» тапсырылса, он тоғыз шақырым аталған компанияның жауапкершілігінде. Бұл іске 500-ге жуық жұмысшымен қатар 370 дана техника жұмылып, әрекет етіп жатыр. Жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін жолдың төменгі қабатымен жүріс береміз. Ал қалған жұмыс келер жылдың еншісінде қалады, - деді.

жп жол (1)

P.S. 2019 жылдан бері сарыла күткен жол жырының бірінші бөлімі аяқталса деген мақсатпен жұмысшылар тер төгуде.

«ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО бойынша филиалының директоры Қазбек Мәмбетов бастаған басшылар да барын салып, бірігіп жұмыстанып жүр. Ол аз десеңіз, күн сайын жол құрылысы жүріп жатқан жерден табылып, жұмысшылармен бірге күн батырып, таң атырып барлығын бақылауда. Ал ел арасында жол жайын сан-саққа жүгірітіп, теріс пікірлерін тықпалап жүргендердің қатары көп. Бұл пікірлердің дұрыс не бұрысын анықтау үшін газет тілшілері де жол құрылысын көріп, мәселенің анық-қанығына барлады. Өз кезегінде басшылар да биылдан қалмай бір қабатпен жолды ашатынын мәлімдеді. Олар уәденің жүгі орындалса мақтадан жеңіл, орындалмаса тастан да ауыр екенін біз айтпай-ақ біледі деген ойдамыз.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале