Жымпиты - Орал бағытына автобус шығару мәселесі халықпен кездесулерде үнемі көтеріліп келді. Халық қаласа, хан түйесін сояды емес пе? Ел қуанышына орай, Жымпиты - Орал бағытына 25 тамыздан бастап Меңдібек Жайлауовтың «Жайлауов» жеке кәсіпкерлігінің «Mersedes-Benz S 220» көлігі жолаушы тасымалдап бастады. Ең бастысы – тиімді бағада. Қазір такси құны 2000 теңгеден болса, шығарылған қоғамдық көліктің жолақысы 50 пайыз жеңілдікпен 1000 теңгеден белгіленді.
– Аудан әкімінен Жымпиты - Орал маршрутына жолаушы тасымалдау туралы ұсыныс түсіп, жұмысты бастап кеттік. Бүгін үшінші күн жүргелі тұрмын. Таңғы сағат 7:00-де «AMANAT» партиясының ғимаратының қасынан қозғалып, Орал қаласындағы «Орал» қонақ үйінің жанындағы аялдамаға тоқтап, түстен кейінгі сағат 15:45-те сол жерге барып, 16:00-де ауылға кері шығамын. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі конкурс ойнатып, «Жайлауов» ЖК қатысатын болады. Конкурста жеңіске жетсек, көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механик, жүргізушінің денсаулығын тексеріп медицина қызметкерін, кондуктор аламын. Қалаға автобуспен баруға ниетті тұрғындар өте көп, сыймай қалып жатады. Сол себепті, жолаушылар алдын ала жазылып, орын алып қоюын қамтамасыз етіп, қызметін жетілдіремін. Тағы бір қосымша автобус шығаруды көздеп отырмын. Қазір Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және жолдары басқармасының 226-шы маршрутқа уақытша конкурстың қорытындысы шыққанға дейін қызмет көрсету бұйрығымен жүріп жатырмын, - дейді Меңдібек Жайлауов.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz