Кеше Жәнібек ауданынан Ұзынкөл ауылына баратын жолда 3 жастағы бала жоғалды.
Аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудан прокуроры Сәкен Молдашев, бөлім басшылары, төтенше жағдай қызметкерлері, шекарашылар және ерікті ретінде келген аудан тұрғындары бұл хабарды ести сала, дереу іске кірісті.
Анасының айтуынша, Айару есімді қыз бала сол күні кешкі сағат 20:00 де анасымен таксиден түсіп, Ұзынкөл ауылының шетінде орналасқан өз үйіне қарай бара жатқан. Анасы соңына қарамай, үйге жеткенде қызының жоқ екенін білген. Бірінші «табылар» деген ниетпен қалың ұйқыға кетіп, түнгі 23:00-де бір-ақ оянған. Үйіне осынша уақытқа дейін келмеген соң, ел-жұртқа хабарлаған. Сегіз сағатқа жуық іздеп, соңында Жәнібек - Ұзынкөл жолындағы далалық жерден аудандық шекара басқармасы, «Қайрат» шекара бөлімшесінің кинологы Рафхат Тайкинжин қызметтік итпен, ерікті болып келген аудан өнерпаздары қырағылық таныту арқылы кішкентай сәбиді тауып алды.
Ол бірден ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер анасымен қауышқан Айаруға алғашқы көмектерін көрсетіп, бақылауға алды. Алдағы уақытта анасына баласын қараусыз қалдырғаны үшін тергеу жұмыстары жүргізіледі. Ақылға сыймайтын әрекет жасаған анасы нені жасырып отыр? Аудандық полиция бөлімі осы сұрақ төңірегінде іске кірісіп, шындықты ашады.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz