Ақжайық ауылының үш ай бойы емін-еркін демалған балалары мен білім-біліктерін толықтырған ұстаздары жаңа оқу жылын бастауға мектепке қарай ағылды.
Арнайы дайындалған баннердегі мектеп мақтаныштары – оқу үздіктері, өнер және білім сайыстары жеңімпаздарының жүзі «Сен де осындай бол» деп, ынталандырып тұр.
Иә, өткен оқу жылында 528 оқушыға білім-тәрбие берген мектептің мақтанарлық жетістіктері бар. Ең бастысы – мектептің ұлттық тестілеуге қатысқан 23 түлегінің 14-і жоғары оқу орындарында оқуға білім грантын иеленді. Тағы сегіз түлек колледждерде грантпен оқитын болды. Бұл ауыл мектебінің сапалы да тиянақты білім бергенінің айқын көрсеткіші.
Жаңа оқу жылында Ақжайық орта мектебінде 545 оқушы білім алады. Оларға білім берумен 70 мұғалім айналысады. Жақын маңайдағы елді мекендерден келген 39 бала мектеп жанындағы интернатқа орналасты. Мектепалды даярлық сыныбына 38, шағын орталыққа 11 бүлдіршін қабылданған.
Жаңа оқу жылының басталуы құрметіне өткізілген салтанатты жиында мектеп директоры Шолпан Кәкіжанова жетістіктерді тізбелей келіп, жаңа оқу жылындағы білім беру үрдісінен де хабар берді.
«2023-2024 оқу жылында 1-сынып «Әліппеден» бастап оқиды» деп қуанышты хабарлаған Шолпан Бижанқызы мектеп табалдырығын аттаған 60 бүлдіршінге ерекше ықыласын білдіріп, жылы тілек айтты.
Салтанатты жиыннан соң материалдық-техникалық базасы толықтырылып, биология, химия, физика пәндеріне арналған кабинеттері жаңартылған Ақжайық орта мектебі бүгін жаңа оқу жылының алғашқы сабақтарын бастап кетті.
Камелия Өтеуқызы
Теректі ауданы