Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы Сағынғали Имашев бүгінгі Президенттің Жолдауынан кейінгі ойымен бөлісті.
Президентіміздің Жолдауын тыңдай отырып, елдің дамуы үшін барлық жағдайлардың жасалатынына сенімім молайды. Жолдауда ауылдың әлеуеті, мәселелері ашық айтылып, алдағы жоспарлары да таныстырылды.
Өнім өндіру, өндірісті молайту, табиғи ресурстарды, соның ішінде басты байлығымыз суды үнемдеу, жер асты байлықтарымыз – темір, мұнай, газ өндіруде жаңаша технологияларды пайдалану, жаңа көзқарас, жаңаша қам-қарекеттер қажеттігін ескертті. Салық, сауда-саттық, инвестициялау, ауыл шаруашылығын дамыту, жол-логистика әлеуеті туралы да көптеген нық бағыттар берді.
Қала-ауылішілік жолдардың стандарттарға сай болуын қадағалау, сауда жолдарын дамыту, кәсіпорындардың және зауыттардың талапқа сай болуын қадағалау, жұмысшылардың өндірістерде мертігуін болдырмау, өндірістерді салуда экологиялық жағдайларға мән беру бойынша жаңа тапсырмалар қойды. Осы тұрғыда ауқымды шаралар жүргізу баршамыздың міндет деді.
Жолдау жолдарын тыңдап, айтпағымыз – алдағы күндерге сенім мол, еліміз дамып, аспанымыз ашық болсын!