Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов әріптесі, Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахметпен бірге бүгін Бұлдырты орта мектебіндегі алғашқы қоңырау шарасына қатысты.
– Мектеп – ұрпақты тәрбиелейтін құтты ұя. Мектеп – ауылдың алтын топсасы. Биыл Бұлдырты орта мектебін 23 түлек аяқтаса, олардың тең жартысы мемлекеттік гранттың иегері атанған. Міне, бүгін білім теңізін жаңа толқын тербеп тұр. Ауылда 40 оқушы мектеп табалдырығын аттамақ. Оларды білім биігі шақырады. Сәт сапар! - деді аудан әкімі.
Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Бисалиеваның айтуынша, биыл 12 түлек педагогикалық мамандықты таңдаған.
– Оқушыларымыздың мұғалім болуға деген ықыласы бізді тебірентті. Әрине, ұстаздық атты ұлы даңғылды шәкірттеріміз жалғайтынына бек қуаныштымыз, - дейді директор.
Бұлдырты орта мектебі 2023-2024 оқу жылын 347 оқушы, 55 педагогпен бастап отыр. Мектепалды даярлық сыныбына 37 бала қабылданбақ.
Айта кетейік, Бұлдырты мектебі биыл «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен мұғалімдердің республикалық тамыз мәслихатында «Үздік ауыл мектебі – ел тірегі» атты номинацияға ие болды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы