Бүгін – жүрекке толқыныс тарту ететін Білім күні. Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа оқу жылы жарқын жетістікке жетелеріне сенім білдіріп, салтанатты жиын өткізді. Бұл туралы Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі жазды.
Алғашқы қоңырау мектеп қабырғасын ақабылданған «Өркен» грантының иегерлері, яғни 7-сынып оқушылары және олардың кураторларының шеруімен шымылдығын ашты.
Мектеп директоры Айдарбек Төлепұлы ұстаздарды, зияткерлерді және ата-аналарды кезекті оқу жылымен құттықтап, өткен жылдың нәтижелері мен келер жылғы жоспарларды атап өтті. Сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде жетістігімен қуантқан бір топ шәкірттерді марапаттады.
Биылғы оқу жылы 732 шәкіртпен басталғалы отыр. Сонымен бірге білім ордамызда зейнеткер ұстаздардан құралған ардагерлер кеңесінің негізі қаланбақ. Ұжымда өзіндік қолтаңбасын қалдырған қадірлі мұғалімдер қауымы мектеп өміріне араласып, маңызды шешімдерді қабылдауда атсалысады. Жиынға 1 қыркүйек күнімен құттықтап келген ардагер ұстаздар атынан Сән Азербайқызы сөз сөйлеп, білім майталмандары NIS қауымдастығына жаңадан келген оқытушыларды салтанатты түрде қабылдау рәсімін өткізді.
Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларына қосымша білім беруді дамыту тұжырымдамасы негізінде 7-сыныптарға домбыра сабағының бекітілуі – кейінгі жылдардағы үздік тәжірибе. Соның жемісін дәлелдейтін мектебіміздің «Дарын» домбырашылар ансамблі «Балбырауын», «Адай» күйлерімен шараның көрігін қыздырды.
Оған қоса халықаралық байқаулардың жүлдегері Әлинұр Хамзин ән шырқап, жаңадан келген жас зияткерлер флешмоб тарту етті. Сондай-ақ зияткерлік мектепке қабылдау емтиханында еңжоғары ұпай жинаған оқушылар қоңырау соғу құрметіне ие болды.
Іс-шара шаңырақ сағаттарына ұласты: 10-сынып оқушыларына физика-математикалық бағытта интеллектуалдық ойын өткізілсе, 7-сынып оқушыларына тимбилдинг ұйымдастырылды.