Бүгін Білім күніне орай жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Оған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Мұрат Сәрсеев, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлдана Шайхиева, ардагер ұстаздар қонақ ретінде қатысты.
Бірінші сынып оқушылары ұстаздарымен бірге ортаға шақырылды. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп директоры Меруерт Жұмағали мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік, білімнің биік шыңынан көрінуді тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев:
– Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасымен, «Білімді ұрпаққа – білімді мектеп» деген жоспармен модернизациялау жүргізілуде. Сыныптардың есіктері, линолеумы, технологиясы жаңарып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалады. Ұстаздар мен ата-аналарды бала болашағы үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын. Баршаңызға Білім күні, балалардың қадамы құтты болсын! - деді.
Артур Мұратұлы Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы білім беруді дамыту орталығының Құрмет грамотасын Алмаз Абдрахмановқа, аудан әкімінің алғысхатын Жадыра Бердалиеваға, Сырым ауданы білім беру бөлімінің Құрмет грамотасын Заура Қарабалиноваға табыс етті.
Мемлекеттік Әнұран әуелеп, бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер тақпақ айтып, өнерлерін көрсетті. 11 және 1 сынып оқушылары қоңырау соқты.
Салтанатты шарадан кейін оқушылар «Мектебім – мейірім мекені» атты тәрбие сағаттарына қатысты.
Айта кетейік, жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте биыл алты 1 сынып болса, оның бесеуі – қазақ, біреуі – орыс сыныбы. Былтыр мектеп табалдырығын 112 бүлдіршін аттаса, биыл 127 оқушы партаға алғаш отырды. Мектепке алғаш қадам басқан жас білімпаздарды ұстаздары Лида Нұрмұханова, Әсел Исламғалиева, Балхис Габдрахимова, Шолпан Жұмашова, Шара Сұлтаниярова, Салтанат Қайрат құшақ жая қарсы алды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz