Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім күні халыққа жыл сайынғы Жолдауын ұсынды. Президент еліміздің саяси элитасы жиналған Парламент сессиясының ашылуында елдігіміздің ертеңін анықтайтын тың тапсырмалар мен бағыттарды айқындап берді.
Президентің айтуынша, дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алға қойған мақсаттар мен нақты жұмыстардың бағыт-бағдары айқындалады. Жаңа тапсырмалар беріліп, зор міндеттер жүктеледі. Биылғы Жолдау «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген айдармен жарық көрді. Мемлекет басшысының Жолдауының басты мақсаты да біреу – ол елдің дамуы, халықтың әл-ауқатын жақсарту.
Президент өз сөзінде: «Елімізде күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет тұжырымдамасы барынша орнықты»,- дейді. Ия, бұл Президенттің мемлекет тұтқасын ұстағалы бері жүргізіп келе жатқан саясатының іске асқанын көрсетеді. Себебі, 2019 жылдан бері жүргізілген саяси реформалар тиімді нәтижесін берді.
Президенттің ойынша, нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыруымыз қажет. Сондықтан да, осы Жолдаудағы экономикалық бағдардың негізі – елімізде жаңа әділетті экономикалық қатынастар қалыптастырудың басты қағидаттарын бекітеді.
Бұл қағидаттардың басты мақсаты – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Адалдық, әділдік және үнемшілдік еліміздің жаңа экономикалық бағдарының өзегіне айналуы тиіс. Осыны іске асыру үшін тек атқарушы билік емес, ел тұрғындарының да, әсіресе кәсіпкер азаматтардың да жауапкершілігі қажет екендігін ескеру қажет. Президенттің ел тұрғындарын үнемшілдікке шақыруы, әсіресе суды үнем ету бағытындағы тұсы әсерлі болды-ау деп ойлаймын. Себебі, бәріміз тіршілік нәріне мұқтажбыз. Келешекте «... Бұлақтың басындағы ел бай болады» деген тәмсілге сүйенсек, біздің бүгінгі жағдайда сол су үшін көршілес елдерге тәуелді екенімізді әрбір тұрғын ескеруі қажет.
Президенттің пікірінше, қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Жаңа экономикалық даму үшін өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, яғни, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Жалпы, осы Жолдауда отандық кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік пен үміт артылып отыр. Еліміздің мол әлеуетін отандық кәсіпкерлер жіті түсініп, нәтиже шығарса игі болар еді.
Президент Жолдауында көрсетілген, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан еліміздің толық логистикалық мүмкіндігін пайдалану. Сол арқылы аграрлық орталықтың біріне айналу. Осыған байланысты, ауылшаруашылық саласын мемлекеттік қолдауды күшейту арқылы ауылшаруашылық өнімдерді сыртқа шығару арқылы кәсіпкерлердің жаңа қаржылық мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндігі ашылады.
Президент Жолдауындағы әрбір қадам, әрбір тапсырма еліміздің барлық азаматтарына зор жауапкершілік жүктейді. Әділетті Қазақстанның болашағы өз қолымызда екендігін сезініп, өзіміз армандаған елде өмір сүру үшін Президент Жолдауының іске асуына барынша қатысуымыз қажет.
Даниял Танзенов,
Жаңақала аудандық мәдениет,
тілдерді дамыту, дене шынықтыру
және спорт бөлімінің басшысы