Орал қаласы NIS-тің «Ғажайып» би ансамблі Түркия мен Румынияда өткен халықаралық түркітілдес елдер фестивалінде өнер көрсетті.
Түрік елінің Афьон-Карахисар қаласындағы фестиваль аталған түрік елді мекеніндегі Жеңістің 101 жылдығына орай ұйымдастырылса, Румынияда CNR-UNESCO қолдауымен түрік-татар фестивалі ретінде өзге ұлт өнерпаздарын бір алаңға жинады. Бұл туралы Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кету керек, бауырлас елдердегі бұл шараларға «Ғажайып» би ансамблі Қазақстан атынан өнер көрсету үшін іріктеу кезеңінен өтіп, арнайы жолдама алған болатын.
Фестивальде Болгария, Польша, Македония, Босния және Герцеговина, Үндістан, Грузия, Румыния, Гиресун, Тюфем, Бандырма муниципалитетінің Иран түріктері және Афьон-Карахисар муниципалитетінің халықтық би ансамблі, сондай-ақ Татарстан, Венгрия, Морокко, Албания т.б елдердің бишілері өнерлерін ортаға салды. Әр халық өздеріне тән ерекшеліктерін бейнелейтін би қойылымдарын сахналады.
«Ғажайып» би ансамблі – Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мақтанышы.
Репертуарындағы терең мағынаға негізделген би қойылымдарымен халықаралық, республикалық би байқауларында топ жарып жүр.