ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің дәрігерлерге жасаған қолдаулары мен қолайлы жағдайларына тоқталды. Медицина халыққа сапалы қызметпен жауап беруі тиіс.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов бүгінгі «AQJAYIQ» арнасындағы тікелей эфирде Сырым ауданындағы ахуалға тоқталды:
– Қазіргі таңда ауданымызда 29 нысан тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Онда 26 дәрігер және 118 орта буынды қызметкер жұмыс жасайды.
Иә, кадр мәселесі – өткір тұр. Бүгінгі күні аудандық ауруханаға акушер-гинеколог, педиатр, хирург, анестезиолог-реаниматолог, онколог, жалпы тәжірибе дәрігері мамандарының жетіспейді, - деді ол.
Аудан әкімінің айтуынша, денсаулық мекемелерін жөндеу мен салу жұмыстары қарқынды жүруде.
Биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден кейін Көгеріс медициналық пункті пайдалануға берілді. Бұлан ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті бойынша алдағы күндері жөндеу жұмыстары аяқталатын болады.
Сонымен бірге «Ауылдық медицинаны жаңғырту» жобасы аясында Өлеңті ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты салынуда. 2024 жылы Бұлдырты ауылында жаңадан дәрігерлік амбулатория және Шағырлой ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараттарын салу жоспарлануда.
Қазіргі күні аудандық аурухана ғимараты азып-тозып тұр. Лифт қажеттілігі бар. Бірақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Самара - Шымкент халықаралық күре жолының бойында орналасқан Жымпитының кентіндегі аурухананың стратегиялық маңызын әлі түсінбей, жөндеу туралы ұсынымдарды кері қайтарып келеді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Суретті түсірген: Айжан Амангелдина
Сырым ауданы