Еліміз бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Бұл байқаудың негізгі шарттары қандай, өтінім қалай беріледі, оған кімдер қатыса алады, жасқа шектеу бар ма, тағы да басқа сауалдар резервке тұруға ниет еткен жас толқынды мазалары хақ. Оған Орал қалалық әкімдігінде ұйымдастырылған жиында жан-жақты түсінік беріліп, біраз жай қамтылды.
Аталған басқосуды қала әкімдігі аппаратының басшысы Алтай Құлқаев ашып, онда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов төмендегі мәселелерге жиналғандар назарын аударды.
Спикердің айтуынша, аталмыш резервке іріктеу – ағымдағы жылдың 1-25 қыркүйегі аралығында жүргізіледі. Байқауға жасы 35-тен аспаған әрі жоғары білімі мен 5 жыл еңбек өтілі бар еліміздің жас буын өкілдері қатыса алады. Бұдан бөлек мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен болмауы шарт. Жалпы биылғы үміткерлер арасынан үздік атанған 50 адамды резервке қою белгіленіп отырса, оның мерзімі – 3 жыл. Осы аралықта олар түрлі деңгейдегі басқару жүйелеріне қызметке тартылмақ.
– Қатысушы қыркүйектің соңына дейін ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта (pkrezerv.gov.kz) тіркеуден өтеді. Ол үшін жоғары білімі туралы дипломның, еңбек қызметін растайтын құжаттың (ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес), сонымен бірге мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын арнайы сертификаттың көшірмелері көрініс табуы керек. Үміткердің жасы тексерілгеннен кейін жүйе жеке кабинетте анкетаны толтыруға және тиісті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік береді. Ал енді тіркелу барысында түсініксіз жағдайлар туындап жатса, үміткерлер тәулік бойы (24/7) жұмыс істейтін pkrezerv.gov.kz сайтындағы Jivo сайт немесе 8 708 096 70 70 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ [email protected] электронды поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады, – деген департамент басшысы Мұрат Сейілбекұлы өзге де бірқатар мәселеге қатысты жан-жақты түсінік берді. Сондай-ақ жиналған жастарды ашық пікір алмасуға шақырып, кез келген сұраққа мүмкіндігінше жауап беруге әзір екенін айтты.
Кездесуде Президенттік жастар кадр резервіне өңірімізден алғашқылар қатарында өткен Орал қалалық №5 емхана директоры Тимур Әжіғалиев сөз алып, өз ойымен бөліссе, үміткерлер тіркелу кезінде алты салалық бағыттың бірін таңдап, оны нақты көрсетуі міндетті екені де айтылды. ОларИнфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Іске сәт, өз бағыңды сынап көр, Ақ Жайық жастары!
Бауыржан Махутұлы
zhaikpress.kz