Ел халқының елеулі бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекет стратегиясының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Әрқашан ел қамын басты назарда ұстаған Үкімет тарапынан тұрақты түрде тиімді бағдарламалар арқылы ауыл тұрғындарына қолдау көрсетілуде.
Соған орай, Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев әр сенбі күні ауылшаруашылық өнімдеріне жәрмеңке ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Сәйкесінше, кеше жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында және ауыл тұрғындарына қолжетімді бағада сауда жасауға мүмкіндік жасау үшін аудан орталығында Жаңақала кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиеваның ұйымдастыруымен және ауылдық-округ әкімдерінің қолдауымен жәрмеңке ұйымдастырылды.
Сонымен қатар көлемді жиында тұрғындар мен саудагерлердің көңіл-күйлерін көтеру үшін аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.
Жәрмеңкеге Орал қаласынан, Жаңақала ауданынан, Көпжасар, Қызылоба, Жуалыой ауылдарынан шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өз тауарларын әкелді.
Аталмыш шарада мал азығы (шөп 7 мың теңгеден, Қызылоба ауылынан), балық, сүт (қымыз 1500тг, айран 400тг, қайнатылған құрт 2200тг, қаймақ 5 мың тг, сықпа құрт 70тг, май 6000-7500тг), ет (2 мың теңгеден) және үй құстарының өнімдері (қаз 5 мың), тауық (екі мың тг), сонымен қатар түрлі көкөністер (картоп 100-110тг, қауын 170тг, қарбыз 70тг) мен өлшемелі киім-кешектер (500 теңгеден басталады) тұтынушыларға ұсынылды.
Ауқымды шараға қатысты тұрғындар пікірі екіге бөлінді.
Ауыл тұрғыны, белгілі композитор Ерлан Сатыбаев бүгінгі жәрмеңкеден ешқандай зат ала алмағандығын, дүкен бағасынан айтарлықтай айырмашылық көрмедім десе, Гүлжауар Рамазанова тауарларды қолжетімді бағада екендігін және осы сәтті пайдаланып көп сауда жасағандығын айтты.
Сонымен қатар тұрғындар арасынан жәрмеңкеге жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерінің басқа да түрлерін әкелсе деген ұсыныс түсті.
Қарапайым халық ауылға келген олжадан қағыс қалмай, сәтті сауда жасады деген ойдамыз және осындай жәрмеңке әлі де жалғасын табады деп сенеміз.
Жанна Миха,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz