- Кіндік қаным тамған, туған жерім — Жалпақтал ауылы. Өзіміз бүгінде қала тұрғыны атансақ та, ауылдың тыныс-тірлігіне үнемі құлағымызды түріп жүреміз.
Кеше жолым түсіп, туған ауылым — Жалпақталға барған едім. 10 қыркүйек — жексенбі күні Жалпақтал жұрты ауыл әкімін сайлау үшін сайлау өткізіп жатыр екен. Жақсының ісі қашанда жария ғой. Ауылда тұратын Жайсаң, Абай ағаларым дауыс беруге бара жатқасын «ауылдастарымды көріп бір марқайып қалайын» деген ниетпен сайлау учаскесіне ілесіп бардым.
Қонақ аз отырып, көп сынайды емес пе? Жерлестерімнің ауыл тағдырына бей-жай қарамайтынын көріп шын қуандым. Мен барған уақыт солай болды ма, ауылдың Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінің алаңы сайлаушыларға лық толы. Екі ағамды дауыс беріп шыққанша жарты сағаттай күтіп, жерлестеріммен емен-жарқын әңгіме қызуына бөлендім.
Ауылдастарыма сәттілік тілеймін. Сайлау науқандарың ойдағыдай өтіп, Жалпақталға шын жаны ашитын іскер әкім сайлансын деген тілегімді жеткіздім.
Ылайым солай болсын, - дейді Бауыржан Абдрахманов бізбен болған қысқа әңгіме барысында.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz