Жалпы, Жайық жерін қайтару әр жылдардың үлесінде жүрді. Айталық, 1921-1922 жылдары 6 473 гектар, 1922-1923 жылдары – 55 854, 1923-1924 жылдары 26343, 1924-1925 жылдары – 664 421, 1925-1926 жылдары – 261 1485, 1926-1927 жылдары – 1674127 гектар жер кері қайтарылды.
Сондай-ақ, Балықты көлі маңындағы 60 000 десятина жер анықталып, ол жерлерге Бөкей губерниясынан 13 шаруашылықты құрайтын қазақтар отбасы қоныстырылады.
Сол кездің куәгері жер өлшеуші И.Теміралин «1921 жылдың шілде айында Қазақ Атқару Комитетінің 1921 жылғы 19 сәуірдегі жарияланған декретін орындау мақсатында жолға шықтым. 1921 жылдың шілдесінен, осы жылдың 28-ші қыркүйегіне дейін жолда болдым. Губерниялық жер комитеті менің жол қаражатыма ешқандай ақшалай көмек болмаса, көлік ешбір адам қосқан жоқ. Жергілікті уезд басшылары қолдарында да еш көмек жоқ. Бар болғаны халықты жинап берді. Оларға үкімет декретін түсіндіру менің міндетімде болды. Көптеген кедергілерге кездестім. Екі жарым айда шамамен 208 000 десятина жерді өлшеп келдім. Бұл менің азда болса Орал губерниясына қосқан үлесім болып қызмет етсе болғаны», - деп жазды.
Зұлхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz