11.09.2023, 18:58
Оқылды: 73

Еңбекқор әулеттің бәсі биік

Астана қаласында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының республикалық кезеңіне қатысқан казталовтық Ниетқабыловтар отбасы бүгін оралды.

IMG-20230911-WA0028

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Ниетқабыловтар отбасын теміржол бекетінен құшақ жая қарсы алып, әулеттің отанасына гүлшоғын сыйлады.

8 қыркүйек күні Отбасы күні қарсаңында Х «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттары марапатталды.

Жыл сайын игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды шаралардың біріне айналды. Аталмыш байқауға 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.

IMG-20230911-WA0029

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елордадағы Р. Бағланова атындағы Қазақ концерт залында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың құттықтаухатын жеткізген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барлық жеңімпаз әулетке арнайы алғысхат пен статуэтка және 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 3 344 отбасы қатысты. Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды.

Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Казталов ауданындағы Сарықұдық ауылының тұрғындары Ниетқабыловтар отбасы – қарапайым еңбек адамдары. Отбасы мал шаруашылығымен айналысады, негізгі кәсібі — сүт өнімдерін дайындау, оның ішінде құрт дайындау технологиясын жетік меңгерген. Әулет мүшесі Дулат Ниетқабыловтың айтуынша, олар күніне тапсырыс арқылы 300-400 құрт дайындайды, облыс орталығына, көршілес РФ ауылдарына да тапсырыспен құрт жібереді. Болашақта шаруашылықты кеңейтуді жоспарлап отырған отбасының балалары еңбекке әбден шыңдалған. Оқушы өрендер трактор тізгіндеп, сиыр сауу, шөп шабу, мал бағу, жылқы үйрету сияқты барлық істе ата-анасына қолқанат болуда. Ынтымақ-бірлігі жарасқан қарапайым отбасы бала тәрбиесіне үлкен мән береді. Отанасы Нұржамал Ниетқабылова кішкентай ауылдан үлкен қала Астанаға барып, көңілі өсіп, қуанып қайтқанын жасырмады.

– Бала-келін, немерелерімізбен Астана қаласына бірінші рет бардық. Астана – әдемі, керемет қала екен. Бәрімізге де ерекше ұнады. Осы күнге жеткеніміз адал еңбектің арқасы. Немерелерімізге де арман қала –Астана әдемі әсер сыйлады. Отбасымызбен Астананың көрнекті жерлерін аралап, үлкен байқауға қатысып, жақсы көңіл-күймен оралдық. Бізге қолдау көрсеткен, облыс, аудан басшылығына ризашылығымды білдіремін, – дейді отанасы Нұржамал апай.

IMG-20230911-WA0026

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – отбасы институтын, рухани құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, үлгілі қазақстандық отбасын насихаттау бағытында жыл сайын өткізіліп келеді.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале