Елімізде тазы мен төбетке қатысты ғылыми зерттеулер жүргізіліп, олармен жұмыс істейтін мамандар оқытылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тазы мен төбетті сақтауға, танытуға қатысты барлық жұмыс екі бағытта жүріп жатыр. Ең алдымен оларды қазақы ит тұқымы ретінде әлемге таныту маңызды. Екіншісі - ел ішінде жүйелі жұмысты жолға қою. ҚР Президенті іс басқармасы аталған міндетті орындауды бір жылдан астам уақыт бұрын өз қарауына алды. Қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Айтарлықтай нәтиже бар. Одан бөлек, заңнамалық база жаңартылды», - дейді ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары Сергей Хорошун.
Оның айтуынша, аталған жұмысты атқаруға ҚР Президенті іс басқармасының мамандары, салалық министрлік өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері белсенді қатысты.
«Тазы, төбеттерді сақтау мен таныту бойынша уәкілетті орган - Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Министрлікке қарасты «Охотзоопром» кәсіпорнының базасында тазы және төбет ұлттық орталығы құрылды. Мұнда ғылыми зерттеулер, стандарт әзірлеу, мамандарды оқыту және кинологиялық ұйымдармен жұмыс жасау бойынша әлі де үлкен қажырлы жұмыс күтіп тұр. Баршаңызға осы маңызды миссияда сәттілік тілеймін. Біз халқымыздың жеті қазынасының бірін сақтап, көбейте аламыз», - дейді ол.
Айта кетейік, тамызда Женевада халықаралық кинология федерациясы (FCI) бас ассамблеясының отырысы аясында ұйымдастырылған World Dog Show-2023 иттер көрмесіне Қазақстаннан екі тазы қатысатыныайтылды.
Аталған көрмеде қазақтың қос тазысы ең жоғарғы титулдарға ие болды.
Еске сала кетсек, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оны төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын.
Аталған мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, жүйелі шешім қабылдау үшін мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысқа кірісті.