14.09.2023, 10:00
Оқылды: 66

Бөрлі ауданындағы тұқымбақта маман тапшы

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Бөрлі ауданына іссапары барысында орман шаруашылығы мен тұқымбақтың жағдайымен танысты.

C8C4F0BB-D6CE-4325-8DBF-C5F8B60EB84A

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің орман қоры жеріне 2 млрд түп ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында облыс әкімдігі 2021-2025 жылдарға арналған қаржы шығынын болжаммен есептеп, «БҚО ормандарды молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспарын» бекіткен болатын.

Жоспар бойынша 2025 жылға дейін өңірде 15069 гектар аумаққа орман дақылдарын отырғызу және 6581 гектар орман дақылдарын толықтыру, сондай-ақ 56-57 млн түп ағаш отырғызу қажет.

Мәселен, өткен жылы 3220 гектар алқапқа орман дақылдарын отырғызу, 1184 гектар жерді орман дақылдарымен толықтыру жоспарланған. Бүгінгі күні 637 гектарға орман дақылдары отырғызылса, 810 гектар бойынша толықтыру жұмысы жүргізілді. Бұл жұмыстарды қарқынды жүргізу мақсатында облыстық бюджетті нақтылау кезінде 9 трактор, 2 «УАЗ» аутокөлігі, 53 аспалы-тіркемелі жабдық – барлығын сатып алуға 385,56 млн теңге бөлінген.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасарымен бірге табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов, Бөрлі колледжінің директоры Мұрат Өтемұратов және аудандардан келген орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары да болды.

Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне 22671 гектар жер қарайды. Соның ішінде 16408 гектары – Бөрлі ауданына қарасты аумақ. Бүгінгі таңда мекемеде 54 қызметкер еңбек етеді. Олардың орташа айлығы 100 мың теңгені құрайды. Мекеменің аутопаркі 4 жаңа техникамен жаңартылған. Бұған дейін қызметкерлер есептен шыққан техникамен жұмыс істегенін айтқан мекеме басшысы Төрехан Төлегенов тағы да арнайы көлік қажет екенін айтты. Сондай-ақ маман тапшылығы да біраз қиындық тудырады. Қазірдің өзінде мекемеде 20 бос жұмыс орны бар.

56FFAB1E-FAAC-4505-A2DB-098ABF77C877

Биыл Бөрлі ауданында орман дақылдарын егу жоспары 465 гектарды құраса, 2024 жылы 572 гектарға жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар Успенов және Бумакөл ауылдық округтерінде жүргізілмек. Аумағы 116 гектарды құрайтын Приуральный тұқымбағы 21 учаскеге бөлінген. Мұнда орманшы мен көшеттерді күтіп-баптайтын жалдамалы жұмысшыларды қоса алғанда барлығы 5 адам жұмыс істейді. Тұқымбақта қарағаш, терек көшеттері және қарақат өсіп жатыр. Бақта тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, 6 су сорғысы орнатылған. Жалпы бүгінде облыстағы барлық тұқымбақ тамшылатып суару әдісіне көшкен.

Қалияр Шадиярұлы тұқымбақтағы тамырын жайып, өсе бастаған тал-теректі көріп, жеміс ағаштарын көбірек егу керек екендігін айтты. Мамандар жеміс ағаштары трансплантацияға төзімді екенін растап, бұған дейін өсіріп көргендерін жеткізді.

Алайда ондай ағаштар көбіне ормандағы аң-құстың «жемтігіне» айналады екен.  

Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов тамшылатып суару әдісінің сәтті жүзеге асқанына тоқталды.

«Биылдың өзінде 3 млн түп ағаш отырғызылды. Көктемде басталған дала жұмыстары күзде, яғни қыркүйек айының соңына таман қайта жалғасын табады. Бөрлі ауданына қарасты тұқымбақтың жағдайына қарап тамшылатып суару әдісінің сәтті жүзеге асып жатырғанын байқадық. Үкімет жүктеген тапсырманы дер кезінде орындайтынымызға сенемін», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол өз сөзінде маман тапшылығы қаржымен тікелей байланысты екенін де айтты. Облыс басшылығы орман шаруашылығы мәселелерін назарда ұстайтындықтан, алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылатыны анық.

Мария Пирог,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале