14.09.2023, 13:00
Оқылды: 95

Көктерек ауылында түйткілді мәселелер талқыланды

Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын және Сатыбалды елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті.

4C9F1C95-21F6-42BE-B5D6-3C5FC2AB16A7

Округ әкімі Бақытжан Есенғалиев аталған елді мекендерде атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

Қос елді мекеннің де тұрғындарын бірінші кезекте алаңдатып отырғаны ауыз су мен мектеп мәселесі.

Саралжында 60 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатса, сатыбалдылықтар әкімдерге жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Бұл мәселеге қатысты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева нақты жауап берді.

– Қазіргі таңда Саралжында жұмыс қарқыны баяу болса да мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ендігі мәселе алдағы 5 жылда алдымызда оқушы санын арттыру міндеті тұр. Қазіргі таңда аталған елді мекенде мектеп оқушыларының саны 46, шағын орталықта тәрбиеленушілер саны он баланы құрап отыр. Бүгінгі күні бала санында өсім жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу бағытында жұмыстар жүргізу керек. Сатыбалды елді мекеніндегі ахуалға тоқталсақ, тоғыз жылдық негізгі мектепте 41 бала білім алып отырса, шағын орталықта 17 бала тәрбиеленуде. Бұл елді мекенде де бала санының өсімі байқалып отырған жоқ. БҚО бойынша аумақтарды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған арнайы жол картасы бар. Сол бес жылдық жоспардың ішінде Сатыбалды елді мекенінде 2024-2025 жылдарға мектеп салу жоспарланған. Дегенмен соңғы бес жылдағы статистикалық мәліметті алатын болсақ, негізгі мектептердің ішінде аталған ауылда тек 48 балаға дейін өсім бар. Осы жылдың өзінде мектептің жағдайы алаңдатарлық. Өйткені 9 сыныпта оқитын бала жоқ және 2 мен 3 сыныптар біріктіріліп оқытылып жүр. Сондықтан алдағы уақытта Сатыбалдыда да бала санын арттыру міндеті тұр. Демографиялық өсім болған жағдайда ғана жаңа білім ордасы салынады, - деді бөлім басшысы.

Самал Қанапияқызы өз сөзінде аталған елді мекендердегі білім беру нысандарын қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына да тоқталды.

26ED079B-07F4-4E23-8A5D-C4BDDEE2061E

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қос елді мекеннің тұрғындарын ауылдың болашағына бей-жай қарамауға шақырды.

– Өздеріңіз байқап отырғандай Саралжын мен Сатыбалдыда халық санының өсімі байқалмайды. Сонымен қатар салық түсімдері де көңіл көншітпейді. Бұл өз кезегінде «Ауылдың болашағы қандай болмақ?» деген сауалды күн тәртібіне қойып отыр. Ауылды дамытуда тек қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер емес, демографиялық өсім және салық түсімдері негізгі күш болады. Ауданымызда 16 ауылдық округ, 47 елді мекен бар. Қай жерде өзекті мәселе болса, бірінші кезекте соны шешуге атсалысамыз. Қандай мәселе болса атқарушы билік және өкілетті билік өкілдерімен бірге жұмыстанып, мәселені шешуге тырысамыз. Ауылдың болашағы тікелей өзімізге байланысты, - деді аудан әкімі.

Аудан әкімі қос елді мекенде өткен жиындарда қойылған сұрақтардың барлығына жауап беріп, округ әкімі мен бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Соның ішінде ауыз су мәселесін шешу мақсатындағы жобалар да таныстырылды. Халық та қолдайтындығын жеткізді.

Округ әкімінің аталған елді мекендер тұрғындарымен кездесуде саралжындықтар киік мәселесі мен жол мәселесін реттеу қажеттігін алға тартса, сатыбалдылықтар «Дүкен» бөгетін бөгеу, ауылды электрик, газ шаруашылығы маманы, ауылдық клубты күзетшімен қамтамасыз ету, клубқа жөндеу жұмыстарын жүргізу және мотор алу, ауыл көшелерін жарықтандыруды мәселе ретінде көтерді. Сонымен қатар сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Айта кетейік, Көктерек ауылдық округі әкімінің Саралжын және Сатыбалды елді мекендерінің тұрғындарымен кездесу жиындарына аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, аудандық мәслихат депутаттары Серікбол Қадемов, Мәди Меңдешов және учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Ерік Қалиматов қатысты.

Асылбек Нәсіпқалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале