Энергетика министрлігі АЭС салу мәселесі жөнінде өтетін референдумның аспектілерін пысықтауға кірісті. Вице-министр Әлібек Жамауов редакция сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сурет: vwalakte/Freepik
«Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Президенттің референдум өткізу туралы тапсырмасын іске асырудың барлық мүмкін аспектілерін пысықтап жатқанын хабарлаймыз.Референдум жөніндегі мәселеге қатысты Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында осы мәселені халықпен алдын ала жария талқылауды жүргізе отырып, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болған», - деп жазылған министрліктің редакция сауалына берген жауабында.
Вице-миниср Әлібек Жамауовтың сөзіне қарағанда, референдумның нақты қай күні өтетіні әлі белгісіз.
«Президент өз Жолдауында референдум өткізу мерзімдері кейінірек белгіленетінін атап өтті. Референдум өткізу тәртібі 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен регламенттелген», - делінген жауапта.