Тасқала ауданының 90 жылдығына орай қазақ күресінен Батыс Қазақстан облысының ашық турнирі өтті. Аталмыш шара самбодан және қазақ күресінен Қазақстан республикасының спорт шебері Мүслім Оңдағановтың мұрындық болуымен, жерлесіміз Ғалымжан Сүйіншалиевтің демеушілігімен жүзеге асты.
90 жылдық торқалы тойға орай түйе палуанға жеңіл автокөлік тігілді. Бұл күні жеңістен дәмелі көптеген палуандар боз кілемде бақтарын сынады.
Олардың ішінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Абай, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан ең мықтылары қатысты. Бәсеке жоғары белдесулер тартысты өтті.
Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы мен Абай облысынан келген палуандар финалдық бәсекеде өзара сынға түсіп, бір-біріне беріспеді. Бес минут уақытта тең түскен екі палуан қосымша берілген 1 минут уақыт ішінде де бір-біріне дес бермегендіктен жеңіс қазақ күресінің ережесі бойынша салмақ дәрежесі төмен Батыс Қазақстан облысының палуаны Темірлан Көлбайға бұйырды.
Осылайша автөкөлік оралдықтардың еншісінде қалды.
Ат шапты қиқу салып кең далада
Ауданның 90 жылдығына орай төрт дистанция бойынша ат бәйгесі ұйымдастырылды. Бәйгені әріптесіміз, «Сырым елі» аудандық газетінің редакторы, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы жүргізді.
Аламан десе арқасы қозатын кіл мықтылар байрақты бәсекеде бақ сынады. Жарыстың жүлде қоры да салмақты. Аламаннан бірінші келген сәйгүлікке автокөлік тігілді. Бұл сайысқа еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар қатысты. Шын жүйріктер ұлттық спорттың төрт түрінен тай, құнан топ және аламан бәйгеде бақ сынасты.
Шабандоз бен тұлпардың тілеуін тілеп тақымын қысып отырған көрермендер айғайға шу басып, қиқулап жүйріктердің делебесін қоздырды. Бірінші айналымда-ақ, үзеңгі қағыстырып алдыңғы топқа ең жүйрік аттар іріктеліп шықты. Құйрық тістесіп қатар шапқан жүйріктер бірінен бірі өтіп тұр. Шын жүйріктер кермені кесіп өтіп жатты.
Тай бәйгесі бойынша жүлделі I орынды Атырау облысының Сағыз ауданынан келген Айтжан есімді шабандоздың Сарбаз атты тайы иеленсе, екінші орын ақтөбелік шабандоз Нұрхан Әдебиеттің Мереке атты тай жеңіп алды. Ал, үшінші орын киелі Маңғыстаудан келген Ерсұлтан шабандоздың Ақбілек тайына бұйырды.
7 шақырымдық тай бәйгесі бойынша жүлде қоры І орынға 500 мың, ІІ орынға 300 мың, үшінші орынға 200 мың теңге. Құнан бәйгеде Тайпақ ауылынан келген Ержігіт шабандоз Көзмоншақ атты құнанымен бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын казталовтық Хасановтар әулетіне бұйырды. Ал, үшінші орын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген шабандоз жеңіп алды.
11 шақырымдық құнан бәйгеде 1 орынға 800 мың, 2 орынға 500 мың, 3 орынға 300 мың ақшалай қаржы тігілді.
Топ бәйгеде бірінші орынды Тасқала ауданының Атамекен ауылынан келген ат иеленсе, екінші орын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген атқа бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орын Шыңғырлау ауданының қанжығасында кетті.
17 шақырымдық топ бәйгенің жүлде қоры 1 орынға 1500000 мың болса, 2 орын ға 800, ал 3 орынға 400 мың берілді.
Аламан бәйгеде Ақтөбе облысының Қобда ауданынан келген жас шабандоз Әлихан «Самұрық» атты сәйгүлігімен оза шауып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша аламан бәйгеге тігілген жеңіл автокөлік Ақтөбе облысына бұйырды.
28 шақырымдық аламан бәйгеде 1 орынға автокөлік, 2 орынға 1000000, 3 орынға 500 мың ақшалай сыйлық берілді.
Назгүл Серікқызы,
Суреттерді түсірген: Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz