19.09.2023, 17:30
Оқылды: 44

Ақжайықтық кішкентай спортшыға министрден сыйлық келді

Ақжайық аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол үйірмесіне қатысатын Ульяна Коняеваға ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан сыйлыққа доптар жеткізілді.

75557DC0-C626-4B56-9941-1C5D9125BAD1

Министрдің аманатын балғын спортшыға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Сердалин табыстады.

– Біз сенің волейболдағы жетістіктеріңе қуанамыз. Бала болсаң да, министрге хат жолдап, жақсы кәсіби спорт доптарын сұрауың – спортшыларға тән мінездің белгісі. Әлібек Сәкенұлы сенің тілегіңді жерге тастамай, тек доп қана емес, волейбол ойнауға қажет өзге де жабдықтарды жолдапты. Ал дәл өзіңе арналған допқа министрдің өзі қолын қойған. Сондай-ақ АҚШ-та жасалған бас киім жіберген. Алдағы уақытта аудан командасының сапында зор жетістіктерге жетеді деп сенемін, - деді ол.

Тілегені сонау Астанадан келген Ульянаның қуанышында шек жоқ. Министрдің қолы қойылған допты қайта-қайта құшақтап, жүзінен күлкі кетпеді. Осынау керемет сәттің себепкері болған ол министрге де, сыйлықты жеткізген ел ағаларына да алғысын ақтарды.

3FABCB95-EBF5-4FF3-8835-D9D8DA6E19FF

– Хатты жазғанда ел басқарып отырған ағамыздың менің тілегімді орындайтынына еш күмәнім болған жоқ. Міне, бүгін қуанышты сәтті өзіммен бірге жаттығатын құрбыларыммен бөлісіп отырмын. Жарыстарға қатысып, жеңіске жетуге талпынамыз. Мен волейболға әкемнің арқасында келдім. Бала кезімде өзі осы спорт мектебіне волейбол ойнауға келгенде, мені де бірге ертіп жүретін. Кейін үйірмеге жазылдым, қазір аудандық, облыстық деңгейдегі ойындарға қатысып жүрмін, - дейді Ульяна.

Доп табыстау сәтінде аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов болды.

Асыл Қайрат

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале