21.09.2023, 12:00
Оқылды: 21

Мемқызметкердің де құқығы қорғалуда – Мұрат Байсалов

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы» заңының негізгі талаптарына сәйкес, облыстық департаменттегі басым бағыттардың бірі – азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру.

ЖП Әкімат

Осы жылдың басынан бері 19 тұлғаның (6-уы – жеке тұлға, 13-і – мемлекеттік қызметші) құқығы қорғалды. Бұдан бөлек мемлекеттік құрылымдарда өткізілген конкурстық іріктеу бойынша жүргізілген мониторинг барысында Орал қаласы әкімі аппараты, жер ресурстарын басқару департаменті және Жаңақала ауданы әкімі аппаратында қатысушылар құқығы бұзылғандығы анықталды. Сол себепті байқау қайта өткізіліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Тағы бір айта кетер жайт, мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда аталмыш заң қағидаттарына сай оның отбасына көмек көрсету белгіленген. Десек те, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округінде қайтыс болған бас маманның отбасына тиісті көмек берілмегені белгілі болды. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде бұл жанұяға соңғы қызмет орнынан үш орташа айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленді (781 692 теңге).

Осы жерде үш жыл еңбек өтілі болған жағдайда лауазымы қысқартылған мемлекеттік қызметшіге де төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы тиесілі екенін ескерте кетелік. Қазіргі күні Жәнібек аудандық ветеринария бөлімінің бұрынғы бас маманына араға үш жыл салып, яғни департаменттің араласуынан кейін сондай жәрдемақысы қайтарылды.  

Жасыратыны жоқ, мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепілдіктер де сақтала бермейтіндігі көрініс тауып отыр. Мұндай жағдай олардың сыйақыдан қағылуына, түрлі марапаттардан шеттетілуіне, тіпті лауазымдық ілгерілеуіне өз салқынын тигізуі мүмкін. Өткен сегіз айда мемлекеттік қызметшіге заңсыз және негізсіз қолданылған төрт тәртіптік жаза (мемлекеттік кірістер департаменті, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы, Жаңақала мен Жәнібек ауданы әкімі  аппараттары) өз күшін жойды.    

Биылғы жаңалық бағалау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілерге бонус төлеу басталды.

Тексеру нәтижесінде бұл істе де кемшілік бары байқалды. Нақтырақ айтсақ, алты мемлекеттік қызметшіге (жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы - 2, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы - 1, Жәнібек ауданы әкімі аппараты - 3) аталған бонус негізсіз төленбеген болып шықты. Әрі есептік кезеңде төрт адамның мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты өтініштері қаралып, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Сол қатарда жер телімін пайдалану мерзімін ұзарту туралы Т.Машеновтың арызынан негізсіз бас тартқан Орал қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғалары да бар. Сонымен қатар Орал қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі Г. Ғилыманованың мекенжайын дұрыс тіркемегендігі және Б. Әбуовтің тұрғын үй алу кезегінен заңсыз кейінге шегерілгендігі туралы арыздары оң шешімін тапты. Жеке өтінішпен жүгінген қала тұрғыны А. Биялиеваның шағымы да қанағаттандырылып, сәйкесінше мемлекеттік  қызмет  көрсетілді.

Мұрат Байсалов

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале