Соңғы жылдары Казталов ауданындағы «Менің аулам – менің бағым» жобасы белсенді түрде жүргізіліп, жобаға қатысушылардың да санында шек болмап еді. Жоба аясында ауылдар абаттандырылып, көшеттер отырғызылып, аудан тұрғындары аулаларын шағын баққа айналдырды.
Тек жеке тұлғалар ғана емес, ұжымдар да жобаға қолдау білдірген-ді. Осы тұста ұжымдық бақша егіп, өнімін алып, көпке үлгі болып отырған Казталов аудандық ауруханасы ұжымының еңбегіне тоқталғымыз келіп отыр.
Казталов аудандық ауруханасының ұжымы ауданымыздың медицина саласын дамытумен ғанашектелмей тазалық акциялары мен сенбіліктерде өз белсенділіктерін көрсетіп жүр. Бұған аурухана аумағының тазалығы, ауладағы әсем гүлзарлар және шағын бақ дәлел бола алады.
– 2021 жылы «Менің аулам – менің бағым» жобасыаясында аурухана аумағына 14 түп жеміс ағашы отырғызылды. Одан бері өткен екі жылдан астамуақыт ішінде жеміс ағаштары өнімін берді. Одан бөлек ағымдағы жылы бау-бақша егіп асқабақ, помидор, укроп сынды өнімдер алған болатынбыз. Алынған өнімді аурухана асханасына жіберіп отырамыз, - деді Казталов аудандық ауруханасының шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі Нұрлан Құсайынов.
Аурухана аумағына кіреберістегі мен мұндалап тұрған гүлзарлар да ұжымның маңдай терімен отырғызылды. Жай отырғызып қана қоймай, Нұрлан Нағымұлы өзі бастап, қызметкерлері қостап күндіз-түні суын құйып, баптап жүрді. Бүгінде еңбек ақталып, аурухана гүлзарлар ем алушыларды да, ауданымызға келген қонақтарымызды да тәнті қылып отыр. Аудан әкімі де ұжымның бұл еңбегіне оң бағасын бергенболатын.
Медицина саласының дамуы тек ем алушыға медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Емделушіге қолайлы орта қалыптастыру да ұжымның алдындағы міндеттердің бірі. Сондықтан аурухана аумағының абаттандырылуы емделушіге де жақсы көңіл-күй сыйлап, дертінен арылуына сепболмақ. Ал аурухана ұжымы жан-жақтылығымен көпке үлгі!
Асылбек Нәсіпқалиұлы
zhaikpress.kz