Қыркүйек айының 21-і күні орталық алаңдағы сахнада Қаратөбе ауданының 95 жылдығына арналған «Туған жер – алтын бесігім» атты фестивалі аясында Қоскөл ауылдық округі көркемөнерпаздарының «Алтын бесік, ән мекен – Қаратөбем» атты концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Концерттік бағдарлама Қоскөл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Әділбек Ажғалиевтің «Арнауымен» бастау алды.
Мерекелік концерт барысында Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мусағалиев сөз алып, алаңға жиналған жұртшылықты 95 жылдық мерейтоймен құттықтап, Қоскөл ауылдық көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырды.
Сахнада жерлес ақын Шолпан Қыдырниязованың сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтың «Қоскөл кеші» әнін әнші Мұхтархан Ғайнидден, Р.Әлқожаның «Қазағым», Әлімжан Әлішердің сөзіне жазылған Ерғали Көшербаевтың «Елге арнау» әндерін Сәндігүл Сердалина, Темірәлі Базарбаевтың «Ауылым», Жұрғали Ертілесовтың сөзіне жазылған Қайырлы Ислямовтың «Қаратөбе» әндерін Амантай Мырзағалиев, жерлес ақын Талап Таймасұлының сөзіне жазылған Махамбет Ажғалиевтің «Құрбы-құрдас», Айбек Кабуловтың «Менің досым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін Нұржан Шадияров, Рамазан Амантайдың сөзіне жазылған әділет Жауғашардың «Өкінбеу керек өткенге» әнін Орынбасар Ермаханов, «Ақ бидай», «Гүлдер» әндерін Меңзипа Жұмақаева жетекшілік жасайтын «Ақ баян» әжелер ансамблі, «Қоскөлім», Нұболат Абдуллиннің «Біздің елдің қыздары» әндерін Алтынбек Дүйсенбиев, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін Мирас Сапар, «Үш меркі» әнін Әділбек Ажғалиев, «Ауылдың адамдары», «Туған күн» әндерін мәдениет саласының ардагері Меңзипа Жұмақаева тамаша орындап, алаңдағы жұртшылықты тәнті етті.
Аспанында ән қалықтаған, құт дарып, кие қонған ән өлкесіне арналған мерекелік концерт өз мәресіне жетті.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz