25.09.2023, 12:45
Оқылды: 100

Жәнібек ауданы: «Ғұмырлы Ғұмар елі» облыстық пресс-турі өтті   

«Жайық Пресс» ЖШС Жәнібек аудандық «Шұғыла» саяси-қоғамдық газеті және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың, Жәнібектегі атымтай жомарт жандардың қолдауымен «Ғұмырлы Ғұмар елі» атты облыстық пресс-тур өтті.

Маңызы зор пресс-тур алғаш Бөкей ордасы ауданында басталып, Тасқала ауданының 90 жылдығымен жалғасын тапқан болатын. Кезекті алған Жәнібек ауданының тілшілері біраз шақырымды артқа тастап келген журналистерді мизам шуағында күтіп алды. Естеріңізге сала кетейік, пресс турдың мақсаты – әр ауданның тарихымен танысып, бүгінін көріп, даму жолына көз жүгіртіп, арадағы қарым-қатынасты нығайту. Аталмыш шараға облыстық «Орал өңірі», Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі», Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы», Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір», Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы қатысты.

Газет исі мүңкіген редакция

Тілшілер ең бірінші редакцияға келді. Ауыл әкімдігімен бір ғимаратты бөліскен редакция журналистердің биліктің төртінші тармағы екенін айқындап тұрғандай. Редакция жұмысымен таныстырған ардагер тілші Асқар Құсайынов газеттің тарихына тоқталды. Ең алғаш «Коммунист», «Октябрь» атауымен жарық көрген газеттің даму сатысын тарқатты. Ауданның жүгін көтеріп тұрған газеттің әр бетіне үңіліп, тілшілер көтерген мәселер туралы әңгіме өрбітті. Өз кезегінде алыстан ат артып келген аудандық газеттің редакторлары мен тілшілері ауданның тыныс-тіршілігін таныстырудың редакциядан басталғанын құптады. Олар игі шараның бастамасына жоғары баға беріп, естелік сыйлықтарын тарту етті.

Ескерткіш – естен кетпес ерліктің белгісі

Аудан орталығында Абайдан кейінгі ғұлама, ойшыл, ақын Ғұмар Қараш ескерткішінен бастап, соғыс өрті шарпығанда қан майданға аттанған көптеген батырға арналған мүсіндер бар. Олар өткеннен сыр шертіп, бүгінге тіл қатып тұрғандай. Әрқайсысының өзіндік орны мен қасиеті тағы бар. Ауданға келген кез келген мейман бұл мұраларға соқпай кетпейді.

жанибек пресс тур (3)

Замана қасіретін бастан кешкен, еліміздің тәуелсіздігін аңсап, өз ұлтының тағдырын өз тағдырым деп қабылдаған, елдігіміз бен ұлттық рухымызды бекемдеуге мол үлес қосқан ғұлама Ғұмар есімін ұлықтап, пресс-турдың атауын ойшылға арнау оның мұрасын жаңғыртып, келешекке жалғастырудың көрінісі іспетті. Осындай тұлғалардан бөлек Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында Жәнібек ауданының халқы да ерен істердің үлгісін көрсетті. Ауданымыздан 3000-нан астам адам қару асынып, майданға аттанды. Хабар-ошарсыз кетіп, кейінгі тағдырлары беймәлім күйде қалғандары да аз емес. Осы орайда Ұлы Жеңістің 75 жылдығында батырлар ұрпағы үшін тынымбақ ашылып, «Қаһарман аудан» белгісі қойылған болатын. Аудан әкімі Тимур Шиниязов пен Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің редакторы Дариға Нұрашева, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Зара Жәрдемова мен аудандық газеттің ардагер тілшісі Асқар Құсайынов Ғұмар Қараш, «Қаһарман аудан» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

жанибек пресс тур (4)

Журналистерді аудан әкімі қабылдады

Тарихқа қаныққан тілшілерді аудан әкімі Тимур Шиниязов жеке қабылдап, пресс-турдың маңызын айшықтады. Жолдың шалғайына мән бермей, аудан тарихымен танысуға келген журналистерге алғыс білдірді.

жанибек пресс тур (6)

БҚО Өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова аудан тарихына кеңірек тоқталды. Ол:

- Жәнібек өлкесі – ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын насихаттаушы, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт, орыс тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры, көрнекті Алаш қайраткері Ғұмар Қараш, Орынбор кадет корпусында, Астрахан гимназиясында терең білім алған, Оралда 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетін шығарысуға атсалысқан, классикалық шығыс, еуропа, орыс әдебиетінен сусындап, қазақтың суырып салма поэзиясы дәстүрін жазба әдебиетке ұластырған, өзіндік айқын өрнегі бар лирик әрі философ ақын Шәңгерей Бөкеев, Каир университетінің заң факультетінің түлегі, 1917 жылы жарық көрген  «Ұран», «Дұрыстық жолы» газетін, «Мұғалім» атты журналды шығарып, таратуға үлес қосып, мерзімді басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері туралы көлемді мақалалар жариялап тұрған заңгер, публицист Ғабдолғазиз Мұсағалиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұстақым Ықсанов, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рахметолла Егізбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хамит Чурин, қоғам қайраткері Ғабит Сарыбаев, Ұлы Отан соғысының қабырғадан қан аққызған, толарсаққа мұз қатқызған қаһарлы жылдарында бес қаруын сайлап, белін нартәуекел деп бекем буып байлап, халықтың бейбіт өмірі үшін қолына қару алып, қан майданға аттанып, жаумен жанқиярлықпен соғысқан, жеңіс жалауының желбіреуіне үлес қосқан Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Ерденбек Ниетқалиев, Николай Чуриков, полк комиссары Хаби Халиуллин, батальон командирлері Шәкір Мәжитов, Әжіхан Дүйсенов, Социалистік Еңбек Ерлері Ғұсман Абдуллин, Төлеш Әбдірахманов, Иманғали Жұмаев, айыр көмей, жезтаңдай шешен, кең құлашты кестелі сөздің өрені атанған ұлт поэзиясының, халық ақындарының ірі өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Халима Өтеғалиева, КСРО Композиторлар одағының мүшесі, қазақ композиторларының арасынан симфония жанрына тұңғыш рет қалам тербеген ұлы дарын иесі Қапан Мусин, алаштың аяулы азаматы, көрнекті композитор, күллі қазақты әсем әндерімен тербетіп, ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Мансұр Сағатов, Қазақ халық аспаптар оркестрі негізін қалаушылардың бірі, күйші, дирижер Ғабдұлман Матов, күйші-домбырашы, фольклортанушы, ұстаз, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан  Тоқтағанов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ғақаш Бияшев, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер Шмидт Айталиев, техника ғылымдарының докторы, профессор Пангерей Шолақов, геология - минералогия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі, профессор Ғаппар  Ерғалиев, халық мұраларын жинаушы, зерттеуші ғалым Мұстафа Ысмағұлов, әскери қайраткер, генерал-майор, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит  Тауланов, генерал-лейтенант Евгений Чураев, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы  қызметін атқарған  юстиция полковнигі Ғалихан  Бапахов, ҰҚК саласының ардагері, полковник Телағыс  Темешевтей саңлақтардың дүниеге келген жері, - деп Жәнібектің қасиетті топырағынан түлеген қайраткерлерді тізбеледі.

жанибек пресс тур (8)

 Қойнауы алтынға бергісіз құндылықтарға толы ауданға алғысын жаудырған аудандық газет тілшілері кезекпен сөз алып, көрсетілген құрмет пен тарихқа бас иіп, тілектерін арнады. Дариға Кеңесбайқызы аудан әкімі Тимур Серікұлына жақында жарық көрген «Өлең – өмір гүлзары» атты жыр жинағын сый етті. Сонымен қатар Жәнібектің неше түрлі кезеңді өткерген киелі мекен екенін алға тартып, аудандар арасындаға тарихты насихаттау мақсатында Ақсай қаласы мен Бөрлі ауданының өткені мен бүгіні жазылған кітапты қоса берді. Облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Аманжол Исламғали француз жазушысы Эмиль Золяның «Біз белгілі бір дәуірлердің бастауымыз немесе белгісіз кезеңдердің жай ғана жалғасымыз» деген келелі сөзімен жиынды түйіндеді. Аудан басшысы журналистердің жұмысына сәттілік тілеп, шығарып салды.

БАҚ өкілдері құнды жәдігерлермен танысты

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық музей бөліміне аялдап, құнды жәдігерлермен танысты. Аудандық музей экскурсоводы Әсел Жәрдемғалиева қаһарман ауданға әбден лайықты жәдігерлер туралы ақпарат берді. Содан соң 1942 жылы жау бомбасы түскен су мұнарасына атбасын тіреп, 1918 жылы азамат соғысы кезінде Жәнібек ауданында Кеңестер Үкіметін орнату үшін қаза болған 70 жауынгер жерленген орын мен «Бауырластар зиратына» тоқтап, зиярат етті.

жанибек пресс тур (9)

Біздің көңіл – «Жайлаудай»

Бір күнді қастерлі тарихқа арнаған тілшілер «Жайлау» ат спорт кешенінде көңіл сергітіп, күндерін қорытындылады.

жанибек пресс тур (10)

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары қонақтарға әртүрлі ұлттық ойындар ұйымдастырды. Ойынға қатысқан журналистерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Содан соң аудандағы кәсіпкерлердің қолдауымен дастархан жайылды. Дастархан басында қаламының ұшымен ғана әлемдік мәселелерді қозғап, елдің бірігуіне ықпал жасайтын қауым бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

жанибек пресс тур (2) жанибек пресс тур (7)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале