Бүгінгі таңда осы бір реликт жануардың дүниежүзілік популяциясының 95 пайызы қазақ даласын мекендейді. Бұл көрсеткіш алдымен мамандандырылған министрліктердің, олардың республикалық және аймақтық деңгейдегі құрылымдық бөлімшелерінің, сонымен бірге отандық тәжірибелі ғалымдардың ұзақ та қажырлы еңбегінің нәтижесі. Екіншіден, аталмыш жануардың эволюциялық даму һәм биологиялық қасиеттеріне байланысты.
Фотоға түсірген Қайырбек Сариев
Яғни ерте жетілуі, жылдам көбеюі, тез бейімделуі және т. б. Жасыратыны жоқ, 2010-2011 жылдары өңірімізде Орал популяциясына жататын ақбөкендердің жаппай қырылуы белең алса, осындай жағдай 2015 жылы Қостанай облысында тіркелді. Сол кезде бізде өлген киік саны 17 мыңға таяды. Десек те, дер кезінде жасалған кешенді бағдарламалар нәтижесінде қазіргі күні ақбөкендер екі миллионнан асып отыр. Мұның бәрі – жоғарыда айтқан жазиралы даламызды мекендеген жануарларды сақтау мен көбейту бағытында ұстанған мемлекеттік саясаттың жемісі.
Иә, ауыл халқы үшін төрт түлік – күнелтіс көзі, тіршілік нәрі, табыс негізі. Әрі анабір жылдардағыдай емес, қазір мал басы көбейді. Соған сай жайылым кеңейіп, қыстық азық көлемі артты. Оның арты мал иелері мен жабайы фауна өкілдері арасындағы қақтығысқа ұласты. Рас, табиғи ресурстардың шексіз емес екені көпке аян. Сол шектелген аумақта үй мен жабайы жануарлар санының күрт өсуі әрі алдағы қоян қысының қорқынышы ешкімді бей-жай қалдырмасы және хақ. Осы ретте өткен тарихқа көз салсақ, еліміз бойынша киіктің ең көп тіркелу көрсеткіші 1 миллион 200 мыңнан аспаған. Жалпы табиғи экожүйенің өзі шамадан тыс өсімге төтеп бере алмайды.
Тағы бір айта кетер нәрсе, біз биылғы мамыр айында «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерваты қызметкерлерімен бірлесіп, далада өлген 243 киіктің себептерін анықтау үшін арнайы рейд жүргізілді. Сол кезде анықталғаны – өлексенің 7-еуі аналық та, қалғаны лақтар болды. Әрі сойып, тексерген кезде олардың ішкі құрылысынан ешқандай патологиялық өзгеріс байқалмады. Төл шығынының негізгі себебі – ашығу, ішектерінде шырыштан басқа ештеңе жоқ. Зооқорғаушылар мен блогерлер мәселенің мәнісіне жетпей, біржақты сын айтуда. Сондай-ақ облыс аумағында ең қолайлы жылдарда дала еркесі 400 мыңнан аспаса, өткен ғасырдың 90-жылдары оларды өндірістік мақсатта аулағаны да шындық. Былтыр жазда белсенді зооқорғаушы Сәкен Ділдахметтің: «Менің ойымша, киіктерді өндірістік мақсатта пайдалану үшін, ең кемінде, олардың санын 2-3 миллионға жеткізу керек. Бұл бізге тұрақты өсімді жоймауға негіз болады» – дегені бар. Бүгінде біз бұл межеге жеттік, енді не істеу керек?
Маман есебіндегі өз пайымымыз, ақбөкендердің бұлайша көбеюі алдағы кезде түрлі індеттің таралуына жол ашып, ветеринариялық қауіп төндіруі ғажап емес. Егер бруцеллез, аусыл, сібір жарасы, ценуроз, эхинококкоз және т. б. ерекше қауіпті инфекциялық және паразиттік патологияларға қатысты аймақтардың қолайсыздығын ескерсек, мұны жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан оның санын реттеу бойынша нақты шаралар қабылданбаса, қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудыратын экологиялық және індеттік дағдарыс туындауы мүмкін. Осы мәселе күн тәртібіне шыққан екі жылдай мерзім ішінде қаншама үлкенді-кішілі жиындар өтті, Экология, Ауыл шаруашылығы министрлері мен мамандандырылған комитеттер өзгерді. Бірақ біз әлі күнге зооқорғаушылардың жетегінде жүрміз. Оларға айтар уәжім – киіктерден зардап шеккен фермерлер мен тұрғындарға компенсация төлеп, алдағы қысқа жеткілікті жем-шөппен кіруін қамтамасыз етіңіз. Естеріңізде болсын, халықтың амандығы мен денсаулығынан артық құндылық жоқ!
Ғайса Абсатиров,
«БҚО ветеринар дәрігерлері» ҚБ-ның төрағасы, ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор