28.09.2023, 12:00
Оқылды: 29

«Күнәдан пәк, періште пейілді болсын деп Адам қойған»

«Ерекше есім» айдарының бүгінгі қонағы, көркем есім иеленген жанның бірі – Адам Имашевпен аз-кем тілдесіп, есімінің тарихын білген едік.

a1029725-e8d7-4833-bdfa-57f76e215983

Адам Сағынұлы 1953 жылы 13 қарашада Казталов ауданында дүниеге келген. Білім беру саласының үздігі. Еңбек жолын туған жері Казталов ауданында мұғалім ретінде бастап, артынан Жұлдыз, Талдықұдық, Фурманов орта мектептерінде директор болды. 1997 жылы облыстағы алғашқы ауылдық лицейлердің бірі Қараөзен мектеп-лицейінің негізін қалап, оның директоры лауазымында табысты еңбек етті. Бәйтерек ауданының Белес ауылында зейнетке шыққанша ауыл әкімі қызметін  абыроймен атқарды.  Кейіпкерімізге қатысты тағы бір жайт, ол 68 жасқа толған шағында магистрлік диссертация қорғап, бизнес және басқару саласының магистрі атанған еді. Адам Сағынұлы есімінің сырымен былайша бөліскен еді.

– Әкем Сағындық Хамидоллаұлы Имашев 1928 жылы дүниеге келген. Отбасындағы ұлдан жалғыз ұрпақ. Өте сауатты, қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін. Мен дүниеге  келгенде әкем есімімді Құраннан алып, алғашқы пайғамдардың есімі – «Адам» деп қоямын депті. Күнәдан пәк, періште пейілді адам болсын деп қойса керек. Сондай-ақ бір кездері ата-анам Ресей Федерациясының Орынбор облысына қарасты Адамск ауданында тұрған. Сол да мүмкін ықпал еткен шығар. Десе де, атам Хамидолла «Адам деп қойғаны несі? Мен азан шақырып, Серік деп қоямын» депті. Үлкендерге қарсы келуге болмайды. «Жақсы» деп әкем көніпті. Содан атам азан шақырып, есімімді Серік қояды. Он күндей уақыт өтеді. Мені ауылдық кеңестегі метркеге тіркер кезде, тіркейтін маманның ұлты еврей екен, әкем оған барып, «Ұлымның атын «Адам» деп жазып беріңізші. Егер папам сұрап жатса, білмей қалдым дерсіз» дейді. Ол жазып беріпті де ешкімге тіс жармапты. Ал мені ағайын-тума, сыныптастарым, ауыл тұрғындарының бәрі Серік деп атап кетті. Жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алдым. Еңбек жолым басталды. Күндердің күнінде жауапты қызметке тағайындалатын болып, партбилет алар кезде ауданның сол кездегі әкімі Мақсот Башкиров ағай шақырып алды да, «Сенің аты-жөнің бөлек қой. Орал қаласындағы АХАЖ бөліміне барып, дұрыстап алып кел. Әйтпесе, партбилетті де, кандидаттыққа жолдаманы да бермеймін» деді. Мен аң-таң. Орал қаласына келіп, АХАЖ бөліміне бардым. Жауапты маман келіп, 1953 жылғы туғандар деген папканы алып шықты. Сол кезде шын есімімнің Адам екенін білдім. 1985 жылы Жалпақтал ауылындағы мектепке директор болып бардым. Есіктің сыртына «Директор Имашев Адам Сағынұлы» деп жазып қойыпты. Сол ауылда тұратын апайым «Серікжан директор болып келіп жатыр деп естідім. Ауылда көп ешкімді танымайды. Үйге шақырып, шай-су берейін» деп мектепке жүгіріп келсе, жазуды көріп, «Обай, мынау біздің бала емес қой» деп шығып кетіпті. Ол кезде ұялы телефон да жоқ. Кейін кездескенде айтып, ішек-сілеміз қатып күліп алдық, –  дейді кейіпкеріміз.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале