Биыл ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Нақтылап айтқанда, 2023 жылдың 26-шы сәуірінен бастап «Самұрық-Қазына» АҚ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, «Саламатты Қазақстан» Президенттік пойызы» әлеуметтік жобасын іске қосты.
Бұл әлеуметтік жобаның мақсаты – еліміздің облыстарының шалғай ауылдарында тұратын азаматтарға медициналық, құқықтық және медиациялық (бітімгершілік) бағытта кәсіби әрі тегін көмек көрсету.
Жоба аясында жолға шыққан медициналық пойыз 26 сәуірден қыркүйек айының 27-сіне дейінгі аралықта 13 облыстағы 85 станцияға тоқтап, халыққа қызмет көрсетті. 27 қыркүйек күні бұл пойыз Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына келіп тоқтады. Екі күнге табан тіреген жылжымалы медициналық көмек көрсету пойызы Переметный бекетінде тұрғындардың денсаулығын тексеріп, ауыл халқына заңгерлік кеңестер беруде.
Пойыздың келуін асыға күткен ауыл халқы мамандарды теміржол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алды.
Арнайы рәсімге әлеуметтік жобаны дамыту өкілдері мен Бәйтерек ауданының басшылығы қатысты.
- Үлкен жобаны жүзеге асырып жатқан ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясына, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға және Денсаулық сақтау министрлігіне бәйтеректіктер атынан алғыс білдіремін. Үлкен үмітпен келіп отырған ауылдас ағайындар өздерін толғандырған барлық сұраққа жауап алады деп сенемін. Білікті мамандардың елдің түкпір-түкпірін аралап, осылай қызмет көрсетуі қарапайым халық үшін үлкен көмек, - деп аудан әкімі Марат Тоқжанов мамандарға қош келдіңіз айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кейін сөз алған ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілі Әлия Борашева:
- Құрметті ауыл тұрғындары, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен жобаға кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер де тартылды. Ақ халатты абзал жандармен бірге аталған мамандар сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын. Мемлекеттік және жалдамалы тұрғын үй алу, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын тіркеу, алимент, кредитке қатысты және тағы басқа өздеріңізді мазалаған сұрақпен келулеріңізге болады. Әлеуметтік жоба болғандықтан барлық сұрақты бақылауға алып, мәселелеріңізді бірігіп шешуге тырысамыз, - деді.
Өз кезегінде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева мамандандырылған пойыз 8 вагоннан тұратынын жеткізіп, онда тәжірибелі дәрігерлер, яғни хирург, уролог, акушер, гинеколог, лор-дәрігер, окулист, тіс дәрігері, кардиолог, флюрография, неврапотолог мамандар тегін медициналық қызмет көрсететінін айтты. Ұсынылған ақтан ауыз тиіп, мамандар халықты қабылдауды бастады.
Айта кетейік, медициналық пойыздағы медиаторлар мен заңгерлер арқылы бүгінге дейін 5 мың астам азаматқа тегін медиативтік (татуласу) және құқықтық көмек көрсетілген. Оның ішінде 3 мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңестер беріліп, 1 мыңнан астам медиативтік консультациялар (дауды медиация тәртібімен шешу бойынша түсіндірме) берілді. Соның нәтижесінде 200 астам медиация келісіміне қол қойылды, яғни азаматтардың даулары шешілді. Сондай заңгерлік көмекке алуға аудан тұрғыны Рафхат Сармулдин де келген. Оның айтуынша, тұрмыстық жағдайға байланысты туындаған дауға орай заңгер кеңесіне құлақ түрмек ниетте. Жалпы ол мұндай әлеуметтік бағыттағы пойызда заңгелер мен медиаторлардың да болғанын жоғары бағалауда. «Өмір болған соң түрлі жағдай болады емес пе. Соған байланысты заңгер не медиатор іздеп қалаға баруға тура келеді. Және оған ақы төлейсің. Ал мұнда еліміздегі белгілі заң мамандарынан қажетті кеңесті тегін береді екен. Осындай мүмкіндік туғызғаны үшін біздің айтар алғысымыз зор» дейді ол.
Ал переметныйлық Шолпан Смақова жыл сайын осындай пойыздағы дәрігерлерге қаралып жүрген көрінеді. Солардың берген жолдама қағазымен аудандық, облыстық медициналық мекемелерге барады. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде өзін жақсы сезінеді. Алдағы уақытта осындай пойыздардың жиі келуіне тілекші.
- Президенттік пойыздағы дәрігерлерге қаралып, УЗИ-ге түсіп қана қоймай, заңгерлік бағытта кеңес алып шықтық. Жыл өткен сайын ауыл халқына мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдаулар үшін Президентке, Үкіметке, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға және жергілікті атқарушы билік құрылымдарына ризашылығымыз шексіз, - дейді ол.
Нұрсәуле Жәнібекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz