2.10.2023, 17:00
Оқылды: 138

Шыңғырлаулық шаруа қаз өсіріп отыр

Табыс табам деген жанға қай кәсіп те жат емес. Тек егін егіп, мал баққандар ғана емес, құс ұстап қаражат көзін көбейтіп отырғандар да жетерлік. Солдардың бірі – Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылдық округінде тұратын Асқар Назарбаев.

шын каз (1)

Осы ауылдың тумасы, көзін еңбекпен ашқан жан жұмыстың қай-қайсысынан да қашқан емес. 2006 жылдан мал шаруашылығымен айналысуда. 2022 жылы желтоқсанда «Торатбас» шаруа қожалығын құрып, ірі қара мен ұсақ жандықты көбейтуді мақсат етті. Шаруашалыққа қажетті техникасы мен тиесілі жері де бар. Малдың жем-шөбін жыл сайын өз күшімен жинап алады.

 Айтпағымыз Асқардың тағы бір табыс көзі ретінде құс шаруашылығына бет бұруы. Асқар биыл өз қаражатына 300 қаз балапанын сатып алды. Бүгінде қанаттары қатайып, салмақ жинаған қаздары ауласында балпаң басып жүр. Қазға ең керегі жасыл шөп пен суы, жемі. Жас балапандарды далаға көк майсаға еркін жіберіп, бой көтеріп кеткенше ит-құстан да қорғап, бақылап отырмаса болмайды. Ал өсіп алған соң өзі де құзғындарға ерік бермесі белгілі.

шын каз (2)

Асқардың ендігі мақсаты осы қаздарды шашау шығармай бағып, өзі арнайы сатып алған инкубатор аппаратында жұмыртқаларын бастырып, көбейту. Алдағы көктемнен бастап осы істі қолға алып, қаздарын қыс бойы бағып шықпақ. Жесең еті дәмді, жүні де қат шикізат. Қүтіп-бапталған қаздың салмағының өзі де әжептеуір болып жатады. Аудан басында қаз ұстаушылардың күз аяғында сойылып, тазартылған қазды 16 мыңнан сатып жүргенін ескерсек, тым-тәуір қаражат жинауға болатыны түсінікті.

Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале