Қазыналы қарттарымыздың мерекесі аясында Теректі ауданының Ақсуат ауылында округ ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарымыздың басын қосқан әдемі шара өтті. Ауылдың қақ төріндегі «Кең дала» мейрамханасында, дастархан басында өнегелі әңгіме айтылып, әсем ән шырқалып, қариялар кейінгі буынға батасын берді.
Ақсуат ауылдық округі әкімдігі, округ әкімі Жаннұр Ахметов ұйытқы болып, ауылдың атымтай жомарттары қолдаған шараға Пойма, Ақсуат, Әйтиев және Магистральный ауылдарынан жүзден астам қария келіп, арқа-жарқа болды. Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова мәні мен сәні жарасқан шараға арнайы қатысып, әкелеріміз бен аналарымызды мерекемен құттықтады.
- Осы ортада отырған аталарымыз бен әжелеріміздің өмір жолы бізге үлгі. Біз қариясын құрметтеген, үлкеннің алдын кесе өтпеген қазақтың ұрпағымыз. Аузы дуалы ақсақалдарымыз талай дауда төрелік айтып, қарияның кесімді сөзіне тоқтағанбыз. Аналарымыздың әлди әні жанымызды нұрландырған. Міне, осындай қазыналы қарттарымызды жас ұрпақ әрдайым сыйлауы керек. Сіздердің ақыл-кеңестеріңізбен алға жылжып, баталарыңызбен жұмысымыз жүйелі болмақ. Баршаңызға ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін. Немере-шөбере қызығына тоймай отыра беріңіздер, - деді Әлия Биғазықызы.
Әдемі дастархан басында Ақсуат ауылдық округінің ақсақалдар кеңесі төрағасы Қаламдар Исмақов, Пойма ауылының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Қымбат Мәжитқызы, Әйтиев ауылының тұрғыны, зейнеткер Әмірхан Темірханұлы, Магистральный ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеп Жұбаниязов секілді қарттар сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Теректі аудандық мәслихат депутаты Ләззат Мағрашқызы жиналған қарияларға лебізін жеткізді.
Шараны Ақсуат ауылдық клубының өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, керемет көңіл күй сыйлады.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz