Орал қаласы NIS-те Ұстаздар күніне орай «Дублер күні» және «Жас ұстаздар мен тәлімгерлер» фестивалі атауымен қос қызықты шара өтті.
Жоғары сынып оқушыларына оқу процесін практикалық игерту арқылы ұстаз жұмысымен жақынырақ таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Дублер күнінде» жоғары сынып оқушылары әртүрлі пәннен сабақ өткізді. Зияткерлер мұғалім мамандығының олардың қызығушылықтарына, дағдыларына және жеке мұраттарына қаншалықты сәйкес келетінін терең түсіне алды. Бұл туралы 12-сынып оқушысы Айнамкөз Рафихова өз әсерімен бөлісті:
– Дублер болу – мұғалімнің жұмысына өз көзіңмен қарау мүмкіндігі. Біз педагог болудың, сабақ беру процесінің қандай керемет әрі жауапты жұмыс екенін түсіндік. Алдыңда отырған оқушылардың бәріне сабақты түсіндіру оңай емес екен. Мұғалімдерге бас иемін.
Ал «Педагогикалық дуэт» атты жас мұғалімдер мен тәлімгерлер фестивалі мектепке жаңадан келген педагогтерге кәсіби қолдау көрсету және дамыту мұрат тұтты.
Фестивальге 5 менти және 5 ментор қатысты. Оларды бақылауға арнайы эксперттер де жұмылдырылды.
Бір апта ішінде жас мұғалімдерге тәлімгерлер тарапынан қолдау процесі, әр пән бойынша ашық сабақтар, өткен сабақтарды талдау сәті және эксперт пен менторлардың талқылау үдерісі ұйымдастырылды.
Фестивальдің қорытынды шарасында қатысушылардың әдістемелік лайфхактары назарға ұсынылып, арнайы номинациялар тағайындалды.
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік қызметінің баспасөз қызметі