ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен БАӘ Министрлер кабинеті істері жөніндегі министрі Мұхаммед Әл-Гаргауи мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Парсы шығанағы аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес екі ел арасындағы тауар айналымы $633 миллионды құрады.
Сонымен қатар жақын арада өзара сауда ауқымын кеңейту арқылы бұл көрсеткішті $1 миллиардқа дейін арттыруға мүмкіндік бар.
Әлихан Смайылов атап өткендей, инвестициялық өзара іс-қимыл жаңа жобалармен де қолдау тауып отыр.
Мәселен, Қазақстанға тартылған Әмірліктер инвестициясы өткен жылы – 27%-ға өсіп, шамамен $420 миллионға дейін жеткен.
«Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 3 еседен астам өсті және қазірдің өзінде $400 миллионнан асты. Біз барлық басым бағыт бойынша одан әрі ынтымақтастыққа ашықпыз және Әмірліктер инвесторларына олардың бастамаларын іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Гаргауи Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән беретінін баса айтты.
«Біз экономикалық салада оң нәтижелерді көріп отырмыз. Әрине, бізде ортақ үлкен әлеует бар. Экономикалық дамумен қатар, біздің халқымыздың арасындағы достықтың, туристер санының арта түскенін де көріп отырмыз. Біз бұл көрсеткіштердің барлығы одан әрі өседі деп үміттенеміз», — деді ол.