15.10.2023, 22:20
Оқылды: 74

Қамысты жүлдегер атанды

Жуырда "Жәнібек" спорт клубында Еңбек күніне орай мекеме қызметкерлері арасында аудандық турнир өтті. Турнирге ауданға қарасты Қамысты, Ұзынкөл, Борсы ауылдық округтері, "Мәдениет", А.Оразбаева, №1 мектеп-лицейі, БЖСМ және "Жәнібек" спорт клубының командалары қатысты. 

image-29-09-23-05-25

Жарысқа қатысушылар дойбы, мас-реслинг, арқан тартыс, 100 метрге жүгіру, қол күресі, кермеге тартылу аталымдары бойынша сынға түсті.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов сөз сөйледі.

- Сіздерді Еңбек күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбек дегеніміз – түрлі ұрпақ көзқарастағы қауым мен жекелен тұлғаларды біріктіретін аса құдіретті әлеуметтік құбылыс. Қай заман болмасын, кез келген адам мен қоғам өркендеуіне кепіл болатын қасиет – еңбекқорлық пен жасампаздық! Еліміз осы қасиеттер арқасында дамушы мемлекетке айналып, дүние жүзіне өз жасампаздықпен мәшһүр болуда. Қазақ Елі еңбекқор, жасампаз мемлекет!

Айтулы күн – Еңбек күні, ұзақ жылдар бойы ауданымыздың еңсесін, әл-ауқатын көтеруге өз күш-жігерін аямай, ерен енбек жасаған, түрлі мамандықтарға ие жерлестерімізге айрықша алғысымды айтамын. Біз оларды мақтан тұтамыз!

Дана халқымыз "Еңбек – ырыстың бұлағы, Еңбек – бақыттың шырағы" деп тегін айтпаған, өйткені ерінбей еңбек еткен адамның өмірі мəнді, тұрмысы сəнді болады, қадірлі ағайын!

Қадірменді жерлестер, әркімнің еңбегі лайықты бағаланып, қуаныш пен береке әкелсін! Отбасыларыңызға бақыт пен шаттық тілеймін! Барша жарысқа қатысушы мекеме қызметкерлерін, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекшімін,- деді ол.

image-29-09-23-05-25-1

Жарыстың нәтижесінде қол күресінен Қамысты 1-орын, Ұзынкөл 2-орын, "Жәнібек" спорт клубы 3-орынды иемденсе, дойбыдан үштіктер қатарынан Ұзынкөл, БЖСМ және "Мәдениет" командалары көрінді. Сонымен қатар 100 метрге жүгіруден алдына жан салмай, қарсыластарын шаң қаптырған №1 мектеп-лицейінің командасы жүлдегер атанды. Ал, "Жәнібек" спорт клубы мен БЖСМ командалары 2,3-орынға ие болды. Кермеге тартылудан белсенділікпен алға шыққан БЖСМ командасы-I, Ұзынкөл-II, Қамысты-III орынды місе тұтты. Заманауи жас сайыстардың бірі- мас-реслинг байқауында "Жәнібек" спорт клубы, "Мәдениет", №1 мектеп-лицейінің командалары сәйкесінше 1,2,3-орындарды алды. Жалпыкомандалық есепте Қамысты ауылдық округінің командасы бас жүлдені қанжығасына байласа, "Мәдениет" пен БЖСМ 2,3-орындармен марапатталды.

Лаура Қалы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале