16.10.2023, 15:30
Оқылды: 69

Алаштың ағартушы қайраткері

Алаш қозғалысына қатысушы, белгілі оқу-ағарту қайраткері Молдағали Жолдыбаев 1887 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қурайлы болысының №2 ауылында туған.

ab5f9a4d-8d25-44eb-91e4-abaf8f3d06f6

Фото: alash.semeylib.kz

Ауыл молдасынан сауат ашқан Молдағали 1900 жылы Қарасу алтыкластық орыс-қазақ мектебін үздік бітіреді. Кейін 1910 жылы Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін «Халық мұғалімі» деген атақпен тәмәмдайды.

1910-1918 жылдары Бұлдырты, Қарасу мектептерінде мұғалім қызметін атқарады. Ол ағартушылық саласында жәдид бағытын қолдаса, әлеуметтік көзқараста халықшылдық бағытты ұстанады.

1917 жылғы сәуірде өткен бірінші Орал Қазақ сиезін ұйымдастырушылардың бірі. Ол сондай-ақ, Бірінші Жалпықазақ сиезінде Бүкілресейлік құрылтай сиезіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады.

1918 жылдың қаңтарында Қаратөбеде өткен ІІІ Орал Қазақ сиезінің делегаты, Алаш қозғалысының қайраткерлері Ғ.Әлібеков, Ж.Досмұхамедов, Н.Ипмағамбетовтермен саяси серіктес болған адам.

1919-1922 жылдары Жымпиты уезі ревкомының уақытша комитет құрамының төрағасы, Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Қазақстан Білім ордасы» орталығының төрағасы қызметтерін атқарады.

1924-1937 жылдары таза ағартушылықпен айналысты. Сол кездегі ғылым мен білім беру саласын, баспасөз бен әдебиетті қайта құру және дамытуда Молдағали Жолдыбаевтың үлесі зор.

Ол қазақ жазушылары С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Алдоңғаров, әдебиеттанушы ғалымдар Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев, Т.Шонановтармен бірігіп, қазақ әдебиетінің оқу құралын жазады.

Алайда 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін Молдағали Жолдыбаевты да айналып өтпеді. М.Жолдыбаевқа «алаш қозғалысына қатысты» деген айып тағылып, 1937 жылдың желтоқсан айында қамалып, 1938 жылдың ақпан айында атылады.

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале