17.10.2023, 14:30
Оқылды: 33

Ақсайда заманауи аялдама пайдалануға беріледі

Ақсай қаласы жыл сайын жаңа нысандармен толығып, инфрақұрылымы жақсарып келеді. Оған тұрғындар куә болып, қала басшылығы қолға алған әр бастаманы қолдап келеді. Айталық, шағын шаһарда заманауи үлгідегі аялдамалар бой көтеріп жатыр. Әрі бұл жәй аялдама емес, азық-түлік дүкені бірге орналасқан павильон болмақ.

аялдама (1)

Қала әкімінің орынбасары Бекболат Губаевтың айтуынша, бұл - пилоттық жоба. Халықтың сұранысы мен кәсіпкерлердің қолдауы болса бұндай павильондарды қаланың өзгеде жерлерінде салу жоспарланып отыр.

- Қала аумағында аялдама павильондарын дайындау және орнату бойынша «А+» жеке кәсіпкерімен келісім шарт жасалды. Жұмыс қыркүйек айының басында басталған еді. Қазір тұрғызылды, жақын күндері қолданысқа беріледі. Бұл павильондарды қала кәсіпкерлеріне әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату үшін ұсынып отырмыз. Біздің тарапымыздан қойылатын талап әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрін сату нарықтық бағадан төмен бағада ұсынылуы керек. Қазір кәсіпкерлеріміз көптеп келіп жатыр. Әсіресе жас отбасылар өз ісін бастағысы келіп, осы аялдамаларды жалға алғысы келіп отыр. Нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпкерлерге келісімшарт негізінде жалға беріледі. Ол мәселені аудандық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе отырып шешеміз, - дейді Бекболат Максимұлы.

аялдама (3)

Аялдамалардың орналасу жері ең алдымен тұрғындардың көп шоғырланатын орнына сай таңдалған. Ол Халықтар достығы (Бестау базары ауданында), Әл-Фараби (Мәдениет үйі ауданында) және М.Ықсанов атындағы (Ақсай қаласының №1 ЖОББМ ауданында) көшелерінде орналасқан. Дәл осы көшелердің бойында қызғылт-сары түсті аялдамалар алыстан «мен мұндалап» көзге бірден көрінеді. Әр павильонның жалпы көлемі 9*3,5 шаршы метр болса, соның ішінде дүкені 5*3,5, ал аялдамасы 4*3,5 шаршы метр. Аялдамаға өрнектас төселіп, отырғыштар қойылады. Ал дүкен жарық көзімен жылытылады. Аялдама түнгі мезгілде де тұрғындарға анық көрінуі үшін арнайы жарық бағандарын қою жоспарланған. Ал нысанды күтіп ұстау жалға алған кәсіпкерге жүктеледі. Талап орындалмаған жағдайда үш рет ескерту беріліп, кейін қала әкімшілігі келісімшартты бұзуға құқылы. Жалпы үш аялдаманы салу құны қала бюджетіне 12 млн теңгеге шыққан. Дегенмен мамандар алдағы жылдары бұл қаражат шаһар бюджетіне кері қайтады деп отыр.

Жалпы моноқаладағы аялдамалардың дені ауыстыруды, көп жерде жаңартуды қажет етеді. Жақында Аралтал ауылында үш аялдама жергілікті жерді күтіп ұстайтын мердігердің қаражатына жаңартылған. Келер жылдары қаланың өзге өңірлерінде де аялдамаларды жаңару қала әкімдігінің жоспарындағы шаруа.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале