Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің ешбір қиындықсыз еркін жүріп-тұруларына жағдай жасау жұмысы Ақсай қаласында жыл санап қарқын алуда. Бұл жұмысқа мемлекеттік бағдарламалар да өз үлесін қосуда. Ерте көктемнен «Өңірлерді дамыту 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды іске асты. Жалпы аталған бағдарлама аясында тоғыз жоба қолға алынды. Биыл бес жоба пайданалуға берісе, қалған төрт жобаның толық аяқталуы келер жылға жоспарланған.
Алдымен Аралтал ауылы. Аралтал - осыдан тоғыз жыл бұрын қала құрамына кірді. Жыл санап аумағы да, тұрғындарының саны да, соған сай сұранысы да өсіп келе жатқан іргелі ауыл. 2000 жылдан бері тұрғындарға жер беріліп, әркім шама-шарқынша баспана салып алған еді. Биыл ауылға көңіл бөлініп, көшелер тақтайдай тегістелді. Аралтал шағынауданына кіреберіс және ішкі жолдарының құрылысы деп аталған жобаны қолға алған мердігер - «Жайықсити» ЖШС. Жоба аясында жалпы ұзындығы 5,8 шақырым асфальт төселіп, көше жарығы орнатылды. Су өткізу құбырлары қойылып, көктемде су өткен жерлерге қосымша құбырлар орнатылған.
Ілкімді жоба шағын шаһардағы 7, 9, 11 шағынаудан тұрғындарын да қуантты. Өткен жылы басталған жоба биыл аяқталып, шағынаудан көшелері жаңа кейіпке енді.
- Өтпелі жоба болған соң, биыл көктем шыға құрылыс басталды. Бүгінде тұрғындар риза. Жолдан өзге жаяу жүргіншілер жолы төселді. Суағарлар салынды. Қазір жол белгісін орнату мен белгілеу жұмысы қалды. Сосын толық тапсырылады, - дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дастан Ақмамбетов.
Оған қоса, 12 және 13 шағынауданның көшелеріне де жаңадан жол салынды. Жалпы ұзындығы 7 шақырым болатын бұл жобаға да жаяу жүргіншілер жолы мен суағар құбырлары салынды. Айта кетейік, аталған екі жобаны да мердігер «Ақсайбизнесстрой» ЖШС қолға алған еді. Жалпы жоба құны - 1,36 млрд теңге.
Қала іргесіндегі «Құрылыс-1» және «Құрылыс-3» көшесі тұрғындары да биыл қуанышқа кенелді. Өйткені көктеммен күзде жол азабын тартып келе жатқан тұрғындардың тілегі биыл орындалып, жолдары жөнделді. Тұрғындардың талап-тілегі орындалып, көктемде су жүретін жерлерге қосымша құбырлар қойылып, арық қазылды.
Гүлсара Иманғалиева, Ақсайға осыдан алты жыл бұрын көшіп келген. Осы жылдар ішінде қыстың боранды, күздің жаңбырлы күндері жол азабын талай көрген. Әсіресе, балалар қиналғандығын айтады. Енді бәрі артта қалып, теп-тегіс асфальтпен жүретіндеріне қуанышты.
- Жылда әкіммен кездесуге барып, көршілерімізбен жол салу мәселесін көтеретін едік. Жол салу өткен жылы басталды. Қуанышымызда шек болмады. Дегемен қиындықтар болып, аз уақыт тұрып қалды. Сабырмен күттік. Әрі көктемдегі су жүретін жерлерді пысықтап алдық. Жол құрылысына жауапты басшылар, әкімдіктен мамандар келіп, тұрғындармен ақылдасып, пікірімізді де сұрап тұрды. Қазір тақтайдай тегіс айналамыз. Ауламыздың алдында тратуар, көлігімізді шығарсақ жол сайрап жатыр. Бәрінен бұрын балаларымызға жақсы болды. Біздің көшемізге көңіл бөлген басшыларға, күннің ыстығына қарамай еңбек еткен жұмысшыларға алғыс айтамыз, - дейді тұрғын.
Ақсайлықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында биыл қолға алынған жұмыстар аясында қаланың Солтүстік көшесінеде көңіл бөлінді.
- Бұл жоба әрі Жайық, Буденный көшелеріндегі тұйық бөліктерін қамтыды. Яғни, өткен жылдары жөнделген жолдармен қиылысып жатқан екі көшенің жолын қамтып отыр. Жалпы ұзындығы 4 шақырым. Биыл бұл жұмыс басталды. Негізгі қабатын дайындап болды. Өтпелі жоба болғандықтан құрылысты аяқтау келер жылға жоспарланып отыр. Мердігер «Ақсайбизнессторй» ЖШС ауа-райының қолайлы болуын пайдаланып, ірі түйіршікті асфальт салу жоспарлап отыр. Оны қазір салмаса, биыл салған негізгі бөлігі көктемде қардың суымен ағып кетуі мүмкін.
Қаланың бұл бөлігінде Береке көшесіне де жол құлысын салу басталды. Бұл көшеде 4 шақырым (жоба құны 580,8 млн) және биыл негізгі, астыңғы қабатын салу осы жылы іске аспақ, - деді Дастан Тілекқабылұлы.
Ақсайдағы жаңа бой көтерген шағынаудандардың бірі - 5А шағынауданына да жол төселді. Бұл жерден тұрғындар 2000 жылдардан кейін үй сала бастады. Жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын жоба толық аяқталып тұр.
- Өтпелі тағы бір жоба 2-інші және 3-інші шағынауданына жол салу деп аталады. Бұл жоба 1,3 шақырым жолды қамтуы тиіс. Көшелері тар, әрі тұйықтары көп шағынауданға жол салу үшін хабарландыру үш рет беріліп, тек үшіншісінде ғана мердігер анықталды. Құрылысты «Жайықсити» ЖШС қолға алатын болды. Жоба құны 190 млн теңге. Қазір мердігер құрылыс материалдарын алып қойды. Аталған компания шаһардағы Жастар көшесінде аяқтап береді. Былтыр өздеріңіз білетіндей жол сапасыз салынды. Сондықтан салынған асфальттың жоғарғы беті биыл алынып, қайтадан жаңа асфальт төселеді, - дейді аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дастан Ақмамбетов.
Жалпы жолаушылардың діттеген жеріне кедергісіз жету, жергілікті атқарушы орган алдындағы басты міндеттердің бірі. Соңғы бес жылда Ақсай жолдарының барлығына асфальт төсеу жұмысы қарқын алды. Тек өткен жылы асфальттың негізгі құрамдас бөлігі саналатын битумның тапшылығы қиындық тудырды. Орын алған тағы бір мәселе Ақтөбеден шебен тиеген вагондар тұратын орынның тарлығы. Оған қоса, құрылыс саласында жұмысшы қолдар аз. Жергілікті тұрғындар жол құрылысына жұмысқа бармайды.
Қалай десек те құрылыс жұмыстарының сапасы, дер кезінде бітуі – жергілікті биліктің басты назарында. Ал мемлекеттік шағын қалаларды дамыту үшін қолға алған «Өңірлерді дамыту 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алған жобалар келесі жылы аяқталып, қаланың келбеті одан сайын ашыла түседі.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz