18.10.2023, 15:00
Оқылды: 74

БҚО ауылында екі әулеттің ұрпағы 45 жылдан бері көрші

Мұндайды естідіңіз бе? Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округіне қарайтын Қамыстыкөл ауылында екі әулеттің ұрпағы іргелес көрші болғанына 45 жыл толғанын атап өтті.

көршілер

Әрине, мұндай атаулы күнді зәулім тойхана, сәні мен салтанаты келіскен ресторанда атап өтуге болар еді, әйткенмен жарасымы мол көршілер қара шаңырақта өткізуді жөн көріпті.

Қос әулеттің тату-тәтті, ауызбіршілігі мол көршілігі ауылдан 25 шақырым жерде орналасқан Мырзахмет қыстағынан басталған. Осы жерге қойшы отбасылар Орын мен Мәрия Сапаралиевтер, Қуан мен Мәуия Төлешбаевтар ұжымшардың отарын бағып, кәсіп етеді. Еңбекқор жандардың қой шаруашылығында үздік атанып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгеніне көпшілік куә. Іргелес орналасқан қос әулеттің ұл-қыздары кішкентай кезінен бір үйдің баласындай боп, құлын-тайдай тебісіп, бірге өсті, жетілді. Армандары да бір еді – бауырындай боп кеткен көршілермен жарасымдылығы үзілмей, өскен соң бір-бірінен көз жазып қалмау.

Екі отбасынан өрген ұрпақтың өзі шағын ауылдың жұртындай. Атап айтсақ, Орын ата мен Мәрия әжейден 5 ұл, 3 қыз, 18 немере-жиен, 19 шөбере, 14 жиеншар тараған. Алты ұл, үш қыз дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген Қуан ата мен Мәуия әженің де шаңырағы құт пен берекеге толды. Тоғыз перзенттен 27 немере-жиен, 7 шөбере, 20 жиеншар көрініпті. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген рас екен, осыншама перзентті қос әулеттің жапсарлас орналасқан қара шаңырағы атаулы күнде құшағын айқара ашып, қарсы алды.

– Ата-әжелеріміздің көршілес қоныс тепкеніне 45 жыл толғанын атап өтуді қара шаңыраққа ие болып қалған ағамыз Сәндібек Сапаралиев пен көрші ағамыз Мереке Төлешбаев әуелден ойластырып қойды. Олар бастап, біз де қостап, белгілі күнге келісіп, алыс-жақыннан ағылдық. Өздері бөлек шаңырақ көтерген ата-аналарымыздың балалық шағын бірге өткізген бауыр-құрбыларымен жүздескендегі қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қайта-қайта бірін-бірі құшақтап, балалық шақтарын сондай ерек сағынышпен еске алып, бірге өткізген күндерінің қызық та ыстық естеліктерін ақтарды. Ұрпаққа жалғасқан сыйластық, құрмет деп білемін, қос әулеттің ұл-қызы түгілі, немере-жиендері біз де бір бірімізге бауырдаймыз, – дейді Сапаралиевтерге немере Әли Орынов.

Бүгінде қос әулеттің ұл-қыздарының алды зейнет жасында, кейбіреулері Орал мен Ақтау қалаларында тұрса, қалғандары атақоныстан көп алысқа кетпеген – Қамыстыкөл мен Көнеккеткенде. Кезінде атақты қойшы болған Орын мен Қуан ата, Сапаралиевтер әулетінің абзал анасы Мәрия әже бүгінде жоқ. Осы қуанышты күнде қос әулеттен тараған ұрпақ төрдің сәнін келтірген Мәуия әжеге балалық ризашылығын арнап, сый-құрметке бөледі.

Бауырлар бас қосқан дастархан басында ізгі тілектер, ақ пейілді естеліктер айтылып, ән шырқалып, дөңгеленіп би де биленді. Бұл тойды тіпті бір туған бауырың жат болып бара жатқан қазіргідей заманда жарасымдылықтың, адами құрметтің қандай болатынының үлгісі деп есептедік.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале