18.10.2023, 16:45
Оқылды: 51

Теректі ауданы: «Бізге спорт кешені қажет»

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев бүгін Теректі ауданына жұмыс сапарымен келіп, халықпен жүздесті. Есептік кездесуге облыстық және аудандық бірқатар басқарма, бөлім басшылары, округ әкімдері, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Жиында аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова аудан әлеуеті жайында баяндама жасады.

IMG-20231018-WA0041

— Ауданда биылға қойылған жоспардың бірқатары орындалды. Оны өздеріңіз көріп, біліп отырсыздар. Қазіргі таңда Теректі, Ақжайық, Подстепный ауылдық округтерінде көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар Подстепный ауылдық округінде 1200 орындық мектеп, Абай және Үлкен Еңбек ауылдарында мектеп құрылысы жүріп жатыр. Биыл әлеуметтік нысандар толығымен газдандыру жүйесіне қосылды. Шалқар ауылдық округінде медициналық пунктті жыл аяғына дейін іске қосу көзделді. Алдағы жылы Шаған ауылдық округінде мәдениет үйін салуды жоспарлап отырмыз, — деп бірнеше жұмыспен таныстырды аудан әкімі Әлия Биғазықызы.

IMG-20231018-WA0044

Облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы да облыста атқарылған іс хақында тілге тиек етті. Сондай-ақ біздің ауданға қатысты шаруа бойынша халық сұранысының орындалу барысын да сөз етті. Мәселен, Пойма ауылында бой көтерген 108 орындық мектеп, Барбастау фельдшерлік пункті, кейбір ауылдардағы жол мәселесіне тоқталды. Жылма-жыл қайталатын мәселенің бірі — «Подстепный - Теректі» жолының күрделі жөнделуін сұрайтын халық бұл жолы дән риза. Ол құрылыс та алдағы уақытта аяқталады деп күтілуде.

Еркін диалог түрінде өткен жиында сауал қойып, мәселе көтергендер де бар. Айталық, Ұзынкөл ауылының тұрғыны Макка Мухсинова ауылдағы мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жеткізді.

— Бұл мектептің жөнделуі жоспарда тұр. 2025 жылы басталмақ, — деді өңір басшысы Н.Төреғалиев.

Ал ақжайықтық Дамир Мұрадымов ауыл балаларына спорт кешенінің қажеттігін айтты. Осы мәселені аудандық мәслихат депутаты Юлия Шыныбекова да көтерген болатын. Бірақ өңір басшысының айтуынша, қаржы тапшылығына байланысты, бұл нысандар алдағы уақытта қаралмақ. Подстепный ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Қалила Аймұқашева балаларға арналған үйірме өтетін орталық сұрады.

IMG-20231018-WA0039

Жиын соңы жеке қабылдауға жалғасты. Мысалы, Ақсоғым ауылының тұрғыны Ұлпан Садықова мектепке жұмысқа орналасу, Шалқар ауылыдық округінің мәслихат депутаты Руслан Лұқпанов округ орталығындағы мектеп пен Дуана ауылдық бастауыш сынып мектебі, саз мектебінің директоры Азамат Қалиев орталық жөнінде сауалдарын қойды.

IMG-20231018-WA0034

Қабылдауға арнайы келген БҚО білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Мыңбаева барлық талап-тілек жауапсыз қалмайтынын айтты.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале