24.10.2023, 10:21
Оқылды: 77

Сот саласының саңлағы

 

Облыстық сотта өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қатысуымен 25 қазан – Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиын барысында ҚР Сот әкімшілігінің басшысы Найль Ахметзәкіров онлайн байланысқа шығып, ҚР Сот әкімшілігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мәлік Кенжәлиевті зейнет жасына толуымен құттықтады.

b1e07499-42c2-4b5b-a96d-aa1d94febd36

– Мәлік Сәбитұлы сот саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Еңбегі еленіп, біраз медальмен, Құрмет грамоталары және алғысхаттармен марапатталды. Ол сот жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Жұмыс барысында күрделі тапсырмаларды тиянақты орындап, нақты нәтижелерге қол жеткізе білді. Қызметін адал атқарған білікті маманның деніне саулық, отбасына амандық пен бақ-береке тілейміз, – дей келе, Найль Рафисұлы сот саласының саңлағына екінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыстады. Бұдан кейін Мәлік Сәбитұлы сый-құрмет көрсеткен әріптестеріне ризашылығын білдірді.

– Сот үдерісінде әділдікті сақтап, азаматтық құқық қорғауда алдыңғы қатардан табылған Мәлік Сәбитұлы қандай сый-құрметке де лайық. Мұндай азаматтың еңбегінің бағаланғаны – біз үшін ортақ қуаныш, ортақ мерей. Сот саласының білгірі алдағы уақытта да соңынан ерген осы саладағы іні-қарындастарына ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға сауатты бағыт-бағдар беріп отырады деген сенімдеміз. Осындай адал азаматтар ел-жұртты жақсылыққа жетелейді, – деген Нариман Төреғалиұлы сала майталманына алғысхат ұсынды.

Өз кезегінде облыстық соттың қызметтік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Азат Ізбасаров Мәлік Кенжәлиевке құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева да ақжарма тілегін арнады.

84f9ea81-f070-4714-baaa-225d1007ea0f

Сонымен қатар Азат Өмірбекұлы Орал қалалық сотының судьясы Роза Сариеваның доғарысқа шыққанын, Гүлфия Батырғалиева мен Венера Адушеваның Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына судья ретінде тағайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ осы салтанатты жиында бірқатар сала маманы екінші, үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, ҚР Жоғарғы соты төрағасының Құрмет грамотасымен, «Үш би», «Жеті жарғы» құрмет белгілерімен, «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» төсбелгісімен және ҚР Сот әкімшілігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің алғысхат-грамоталарымен марапатталды.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале