24.10.2023, 17:42
Оқылды: 42

Сала үздіктерін анықтап, марапаттау жөнінде ұсынысын білдірді

Кітапханашылар күніне орай бүгін Казталов ауданында аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың қатысуымен арнайы салтанатты шара өтті.

Шарада ең алдымен кітапханашылардың қызметі мен жыл ішінде атқарылған жұмыстары жөнінде дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Шара барысында арнайы шақырылған сала ардагерлеріне еңбектері үшін алғыс айтылып, гүл шоқтары тарту етілді.

WhatsApp Image 2023-10-24 at 15.25.33 (1)

 Салтанатты шарада аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сөз алып, кітапханашыларды кәсіби мерекемен құттықтады.

- Кітап – біздің рухани қазынамыз болса, сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, оқырман қауымға таныстырып, табыстырушы ол – кітапханашы! – деп атап өткен аудан басшысы, ауылдардағы кітапханалардың материалдық базасы мен ғимараттарының жөндеуі кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты.

Сонымен қатар келесі жылдағы кәсіби мереке қарсаңында арнайы көрсеткіштер бойынша сала үздіктерін анықтап, марапаттау жөнінде ұсынысын білдірді.

WhatsApp Image 2023-10-24 at 15.25.33 (2)

Кезек марапаттау сәтіне жетіп, Ақбалым Қажымұратова және Нұрсәуле Қойшекенова «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен, Анаргүл Жұмашева облыс әкімі орынбасарының «Алғыс хатымен», Жауһар Бұқатова, Ләззат Қалиева және Айгүл Гайсина облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сонымен қатар Гүлсім Хасанова, Аяжан Еслямғалиева, Жұмағаным Ахметова, Мейрамгүл Каримоллина, Жанна Әлімова, Мейрамгүл Айтжанова, Жансая Шайдоллина сынды кітапханашылар Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы және Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы атынан «Алғысхатпен» марапатталды.

Жазушы, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Еслямғалиұлының шығармашылығына арналған «Шығармалары – халық қазынасы, ұрпақ несібесі» тақырыбындағы облыстық байқаудың «Асқақ рухты өр тұлға» бағыты бойынша жеңімпазы Жансая Баянова ІІ дәрежелі дипломмен және Райгүл Алманова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

WhatsApp Image 2023-10-24 at 15.25.33 (4)

Еңбек жолы конкурсына «Өндірістік үздік жас маман» номинациясы бойынша қатысушы Қараоба ауылдық кітапханасының кітапханашысы Саида Темірболатова арнайы дипломмен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен соң оқушылардың арнайы құттықтауына кезек беріліп, саз мектебінің оқушылары «Кел, досым, кітапханаға!» әнін тарту етті.

Поэзия блогында оқушылар кітап жайында жазылған өлеңдерді мәнерлеп оқыса, Ақпәтер ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жансая Асқар қызымен бірге «Ана мен қыз» әнін әуелете шырқады.

«Мен оқыған отыз кітап» аудандық байқауының жеңімпаздары Жансая Бекет, Ілияс Қайсағали, Толғанай Қыдырғалиевалар кітапханашыларға жүрекжарды лебіздерін арнап, өнерлерін ортаға салды.

Жұлдыз ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұрсәуле Қойшекенова «Жолыққан қандай жақсы» әнімен шара қатысушыларын тәнті етті. Салтанатты мерекелік шара соңы «Кітапханашы» әнімен аяқталды.

 

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале