Бәйтерек ауданы Дариян ауылында 9-11-сыныптардың оқушылары арасында аудандық пікірсайыс турнирі өтті.
Оқушылардың ой-өрісін кеңейтуді, азаматтық ұстанымдарын жетілдіріп, қоғам алдындағы жауапкершілікті дамытуды, сыни ойлау қабілетін ұштауды мақсат тұтқан дебатқа сегіз мектептен келген 20-дан аса оқушылардан құралған 12 фракция қатысты.
Пікірсайыс турнирін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының әдіскері Гүлжайна Тынышбаева ашып, дебат шарттарымен таныстырды. Пікірсайысқа оқушылар белсене қатысып, нақты деректермен ойларын еркін жеткізе білді.
Бірден айту керек, «алаң иелері», яғни Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының оқушылары үлкен дайындықпен келгені турнир барысында анық көрінді. Соның нәтижесінде білім ұясының екі бірдей фракциясы жоғары жетістікке жетті.
Нақтылап айтқанда, «Winners» фракциясы үздік болса, «Q-net» фракциясы 2-орын алды. Қола медаль Жамбыл орта мектебінен келген «Sanaly urpaq» фракциясына бұйырды.
Сондай-ақ янайкиндік Ескендір Аманат «Үздік спикер», переметныйлық Ақгүл Талғатбек «Үздік төреші» аталымдарын иеленді. Дебат соңында фракциялар мен олардың жетекшілері алғысхатпен мараппаталды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.
Динара Ғизатова,
Бәйтерек ауданы