Батыс Алаш орда қозғалысын ұйымдастырушы және белсенді өкілі Сәлімгерей Қаратілеуов 1887 жылы Орал облысының Гурьев уезінде дүниеге келеді.
Ақпан революциясына дейін ресейдің Марийнск қаласындағы ауыл шаруашылығы мектебін бітірген. Ақпан төңкерісі кезінде Саратов ауылшаруашылығы институтында оқып жүрген С. Қаратілеуов оқуын аяқтамастан Оралға келеді.
Осылайша 1917 жылдың сәуірінде Оралда өткен Бірінші Қазақ Орыс облыстық сиезін өткізуге бір кісідей араласып, сиезде Уақытша облыстық Қазақ комитетін құруда белсенділік танытып, сол сиезде сайланған 20 адамнан тұратын комитеттің мүшесі болады.
Ол сондай-ақ 1917 жылдың маусымында Ойылда өткен Екінші Қазақ Орыс сиезіне қатысып, онда жер комитетінің мүшесі болып, Жайық сырты жерлерін белгілеуде айырықша көзге түседі.
Ал 1918-1919 жылдары Азамат соғысы кезінде Торғайдағы А. Иманов басқарған Қызыл армия бөлімшесі мен Алаш полкінен құрылған біріккен отряд құрамында жауынгер міндетін атқарады.
Кейінгі Кеңестік 1920-1928 жылдары Ойылда, Оралда, Гурьевте және Алматыда түрлі кеңестік ұйымдардың ауылшаруашылық және партиялық қызметтерінде белсенділік танытады.
Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін менсінбеуі, ұлттық басылымдардың аз таралуы, қазақ мектептерінің тапшылығы жөнінде өткір мәселелерді қоя білген С. Қаратілеуов қашанда ұлт мұраты үшін күрескен қайраткер.
Алайда 1937 жылғы қуғын-сүргін, жала жабу кезінде С. Қаратілеуов «Алаш орда қызметіне қатысқанын жасырды» және «Алаш орда әнін шырқаушы ұлтшыл» деген айыппен ұсталып КСРО Жоғары Соты Әскери коллегиясының қаулысымен 1938 жылдың 26 ақпанында атылады.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz