26.10.2023, 17:59
Оқылды: 72

Жастар «Бастаңғыда» бас қосты

25 қазан – Республика күніне орай Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қаратөбе ауылы шетіндегі көкпар алаңында аудан жастары арасында «Бастаңғы» шарасы өтті.

 Бастаңғы (1)

Бастаңғы – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, бастаңғы жасалады. Бірақ бастаңғы рұқсатсыз, бақылаусыз өтпеген. Өйткені, «шешесі қыдырмашы болса, қызы бастаншыл болады» деген сөз бар.

Басқосу барысында жастар әзіл-оспақ айтысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әр түрлі өнерлерін ортаға салған. Әке-шешелері жол жүріп кеткенде, көрші жастар келіп, ол үйдің дастарханына бастаңғы жасатып, тағам дайындатады. Бұл – жолаушылардың басы ауырмасын, сырқамасын деген жақсы ойдан шыққан дәстүр.

Осындай ата-бабамыздан мұра болып қалған дәстүрлерімізді жаңғыртып дәріптеу, кенінен насихаттау, ауыл жастарының басын қосу мақсатында ауыл шетіне ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Бастаңғы (3)

Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан арнайы шақыртылды.

– Бүгінгі күн біздің еліміз үшін ерекше күн болып қала бермек. Бұл күн – тәуелсіздігіміздің алғаш ірге тасы қаланған күн. Егемендігіміз мәңгі болсын. Еліміздің көк байрағы желбірей берсін. Мереке құтты болсын!

Бастаңғы (4)

Бұл жастар арасында ұмыт қалған дәстүрдің бірі. Бұл бас қосуда қазақтың салт-дәстүрін жастар арасында насихаттаймыз. Соның ішінде қонаққа көрсетілетін құрметтер, табақ тарту сынды дәстүрлер көрсетіледі, – деді Жасұлан Кәрелұлы.

Бастаңғы (7)

 Шараның негізгі бөлімі мәдени демалыс орталығы қыз-жігіттерінің айтысы, сазды әуенге, киіз үйдегі қонаққа табақ тарту салтынан көрініске, қазақтың ұлттық ойындарына ұласты. Жиында қазақтың ұлттық ойыны қыз қуудан көрініс көрсетіліп, садақ ату, асық ату, арқан тартыс, аударыспақтан сайыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар шара барысында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге әр округтің тұрғындары мал өнімдерінің түрлерін ауыл халқына қолжетімді бағада ұсынды.

Бекжан Қойшекенов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале