30.10.2023, 15:15
Оқылды: 52

Еңбек елеусіз қалмауы керек

Бұл туралы бүгін Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде «Облыстық ауылшаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ-ның басшысы Лавр Хайретдиновтің төрағалығымен өткен еңбек ардагерлерінің басқосуында айтылды.

Лавр-1

– Бүгін қандай жетістікке жетсек, қандай ма бір дәулетке ие болып отырса, ол біздің аға буынның тынымсыз еңбегінің арқасы. Қазір дамуы жолға қойылған қожалық болса, сол қожалықтың іргетасын атасын не әкесі қалаған. Еңбекқор әкенің жүріп өткен ізі, істеген еңбегі баласына мұра боп отыр. Отыздан енді асқан, қырықтың ар жақ, бері жағында жүрген бүгінгі қожалық иелерінің көбі ағаларымыз көрген қиындықтың бірін де көрмедік. Ақсақалдарымыздың өмір жолы қазіргі жастар үшін ертегіге парапар. Сол аға буынның еңбегі ескерусіз қалмау керек. Тұнып тұрған тарихымыз насихатталмай жатыр. Мәселенки, Дәулеткерей Шығайұлының дәулескер күйші екенін бәріміз білеміз. Бірақ оның жылқы баптап, атбегілік пен айналысқанын білмейміз. Орыс патшасына хат жазып, жылқы малын асылдандыруды да біздің бөкейліктер ең алғаш рет қолға алынған екен. Күні кеше Казталовтың Ақпәтерінде керемет музей ашылды. Техниканың жеті атасын жинап, еңбек адамын насихаттаған. Неге біздерге де солай етпеске? Сталинград шайқасы дейміз, қала жау қоршауында қалып, тұрғындар қиналса да, солдаттарымыз аш болды деген дерек жоқ. Қызыл армияның жауынгерлерін біздің қазақ аудандарының әйелдері балаларының аузынан жырып берсе де, аш қалдырмады. Күндіз далада жұмыс жасап, түнде майшамның жарығымен қолғап, шұлық тоқып, жеңіске үлестерін қосты. Біздің ауданның еңбек адамын туралы энциклопедиясы осыдан басталуы керек, – деп Лавр Рашидұлы пәтуалы сөз қозғады.

Лавр ағамыз үзеңгелістерін қоғам өміріне сергек қарап, белсенді болуға шақырды.

- Еңбек адамдары, ауыл шаруашылығының ардагерлері туралы, ауданның қалай аяққа тұрғанын біз айтып, біз хаттамасақ, кім айтады? Өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір бізбіз. Біздің қоғам алдындағы миссиямыз да осы, – деді Лавр Хайретдинов.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин бастаған сала басшылары мен ардагер ағаларымыз бұл пікірді бірауыздан қолдады.

Айтпақшы, Ерік Хайров ағамыз «Облыстық ауылшаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ-ның аудандық филиалының басшысы қызметін атқаруға лайық танылды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале