31.10.2023, 17:45
Оқылды: 19

Жоба жеңімпаздары анықталды

Жуырда «Шелл Қазақстан» компаниясының қолдауымен «IteachMe» компетенцияларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «OrleTECH» жобасы қорытындыланды. Жеңімпаз-жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов пен Орал қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің инспекторы Айымгүл Нұрмұхамбетова қатысты.

DSC09750

«ОrleTECH» – әлеуметтік осал санаттағы жастарды сұранысқа ие, заманауи мамандықтарға оқытуға бағыт­талған бағдарлама. Жоба қатысушылары «Вебшебер» және «IT-тестілеу» бағыттарында курстан өтіп, алған дағдыларын комиссия мүшелерінің алдында таныстырды.

Оған қоса үздік деп танылған он жұмыстың авторлары 100 000 теңгелік коммерциялық тапсырыс алды.

– «IteachMe» қабілеттерді дамыту орталығы – әрбір адамның әлеуетін ашу үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған қоғамдық қор. Біз мүмкіндіктері тең қоғам құру үшін бизнес секторы мен мемлекет өкілдерін біріктіреміз, заманауи мамандықтарды оқытамыз. Бүгінгі жобаға қатысуға 300-ден астам адам өтініш білдірді. Іріктеуден өткен 78 студент 3 ай бойы IT мамандықтарын игеріп, тәжірибелерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алды. Негізгі курстардан басқа, студенттер қаржылық сауат және шешендік өнердің қыр-сырын үйренді, бұл студенттерге алдағы уақытта жұмысқа орналасу кезінде септігін тигізетініне күмәнім жоқ, – дейді қоғамдық қордың PR-менеджері Светлана Пономарёва.

Бүгінде «IteachMe» қоғамдық қоры 30-дан астам жобаны сәтті жүзеге асырды. 900-ге жуық студент арнайы курстан өтіп, оның 90 пайызы жұмысқа орналастырылған. Бұл курстарға мүгедектігі бар немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, бизнес өкілдері және ақылы негізде оқуға ниет білдірушілер қатыса алады. Жобаның екінші маусымы еліміздің үш облысында Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында жүзеге асырылуда.

– Ақсай қаласының тумасымын. Жасым 33-те. «ITтестілеу» курсын тәмамдап, бүгін, міне, сертификатымды қолыма алып отырмын.

Сонымен қатар маған коммерциялық тапсырыс алу бақыты бұйырды. Оқуда алған бар тәжірибемді іс жүзінде дәлелдеп, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстанбақпын. Керемет әсер алдым, жаңа достар таптым, көптеген пайдалы ақпаратқа қанықтым. Меніңше, IT – болашақтың мамандығы, – дей­ді жоба жүлдегерлерінің бірі Александр Бабичев.

Іс-шара соңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жұмыс берушілер түлектерге компанияларын таныстырып, өз ұйымдарында жұмыс істеудің артықшылықтары туралы айтты.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале