31.10.2023, 11:15
Оқылды: 67

Дастанның дәмді торттары

Қазір екі қолға бір күрек табу қиын деуге келмейді. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Әсіресе мемлекеттің соңғы жылдары шағын кәсіпкерлікке қолдау білдіруі көпке септігін тигізді. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, бүгінде нәсібін көріп отырғандар аз емес. Соның бірі – ақсайлық кондитер Дастан Жомарт.

WhatsApp Image 2023-10-31 at 09.10.48Бүгінде "Жомарт" жеке кәсіпкерлігі қала тұрғындарына бірнеше кондитерлік өнім түрін ұсынады. Соның ішінде дәмті торт, кекс, рулет, тәтті бәліш, вафли секілді кондитерлік дәмділер бар. Дастан Алтынбекұлы көбіне "тәтті нанды" "Vkusniashka07" атты инстаграм парақшасы арқылы тапсырыс бойынша дайындайды. Ал дүкен сөрелеріне орналастыру кәсіпкер үшін тиімсіз. Ол мұны торттары тек 100 пайыз табиғи өнімдерден дайындалатын болғандықтан ұзақ уақыт сақтауға келмейтінімін түсіндірді.

Жалпы қай саланың болмасын өз қиындықтары болады. Кондитерлік қызметте де мұндай кемшіліктер жоқ емес. Соның ішінде бағаның қымбаттылығы көп рөл ойнайды екен. "Бұл саламен дұрыстап айналысатын болсаң пайдасы жоқ емес, әрине. Алайда тұтынушылар көбіне арзан өнімге көп қызығады. Жалпы қазір азық-түліктің өзі арзан деуге келмейді. Одан бөлек су, жарық пен жылуға төлейтінің тағы бар. Өзіңнің жеке ісің болған соң сапаға да аса мән бересің. Міне, осының барлығын есептегенде әр тортқа шаққанда арзан баға қою мүмкін емес", – дейді кондитер Дастан Жомарт.

Негізінен кәсіпкердің бұл салаға келуіне мол септігін тигізген "Бастау Бизнес" жобасы. Осы мемлекеттік жобада бақ сынап көрген ол қайтарымсыз грант иегері атанған.

– Қай кезде де өз жеке кәсібімді ашуды армандайтынмын. Түрлі бизнес идеяларды ойлап, анаммен ақылдасып отырамын. Ол кісі болса батасын беріп, қашанда қолдау білдіретін. Кейін мемлекеттік қолдау жобалары туралы біліп, "Бастау Бизнес" жобасына қатысуға шешім қабылдадым. Бұрындары бизнес жоба қорғап көрмегендіктен қиындықтар болды, әрине. Бірақ қазір дамыған заман. Жан-жақтан іздестіріп, зерттеп бизнес жоба құруды үйрендім. Менің өтінішім қабылданып, сұхбаттасуға баратын болдым. Барлық уайым осы кезде басталды. Дегенмен өзім дайындаған, зерттеген жоба болғандықтан комиссия мүшелеріне барынша жоба идеясын түсіндіріп тарқаттым. Одан бөлек ер адамның кондитерлік қызметпен айналысуы сирек кездесетіні де маған сенімділік сыйлады", – дейді "Жомарт" жеке кәсіпкерлігінің иесі.

5 күннен кейін "Сіз мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болдыңыз", – деген жағымды жаңалықты естіген кейіпкеріміздің төбесі көкке бір елі жетпей қалғаны рас. Осы кезеңнен бастап ол мықтап кірісіп, өз кәсібінің алғашқы іргетасын қалаған. Бүгінде біраз шаңырақтың той-жиынында дастархан тәтті торттарымен жайнатып жүрген кәсіпкердің өніміне сұраныс аз емес. Алдағы уақытта өндірісті кеңейту де жоспарда бар. Ақсайдан арнайы дүкен ашып, күнделікті балғын әрі тәтті өнімдерін ұсыну болашақ еншісінде.

 

Мемлекеттің қолдау көпке көмек беріп, біраз адамның бизнесіне бағыт беріп, кәсіп көкжиегін кеңейтуде. Бастысы азаматтар берілген қаржылық қолдауды оңтайлы пайдаланып, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінуі керек. Ал "Жомарт" ЖК секілді шағын бизнесін ашып, қолдаудың көмегімен қызметін жүзеге асырып отырғандарды қолдау маңызды. Әсіресе жергілікті өнімге деген сұраныс көбейсе игі.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале